Алматыда жақында ғана ашылған жаңа мейрамханалар мен барлар жайлы баяндаймыз
Алматыны үш нәрсесіз елестету мүмкін емес: асқар таулары, тұншықтыратын ауасы және жаңадан ашылып жататын орындар. Алмалы қаланың жазы тек жергілікті тұрғындар үшін ғана емес, сондай-ақ қала қонақтары үшін де осы үш нәрсемен ерекшеленеді. Бүгінде мейрамхана мен барлар тек тамақ ішетін орын емес, Instagram-дағы парақшаңды жаңартатын таптырмас себепке айналды. Тіпті төменде сөз болатын мекемелердің бірінде өмірінің әр сәтімен бөліскенді ұнататындарға арнап, арнайы фотоаймақ та әзірлеп қойыпты. Біздің редакция жаңа орындарды аралап, ішіндегі ең үздіктерін іріктеп алды. Қайсысы көңілімізден ерекше шыққанын төменде баяндаймыз.
«Аққу»
Мекенжайы: Панфилов к-сі, 123
Маусымның 23-і күні тарихи «Аққу» кафесі өз есігін қайта ашпақ. Кеңес заманында бұл дәмхана тек жаз мезгілінде жұмыс істеп, ал жанындағы тоғанда аққулар жүзіп жүретін, сол себепті де «Аққу» атанған еді. Қазір мұнда аққулар жоқ, алайда сымбатты құстың бейнесі мекеменің әр бөлшегінен көрініс тапқан: ол мозаикада, ыдыс-аяқта, құмыралар мен басқа да декор заттарында бейнеленген. Брендингін әзірлемес бұрын команда Алматының «Алтын шаршысы» мен өзге де тарихи орындарын терең зерттеп, ғимараттардағы танымал өрнектердің қалпынан аса қатты алшақтамаған. Нәтижесінде мозаикаға алма, «Қазақстан» қонақ үйі, ескі «Аққу» ғимаратының қасбеті және креманкадағы балмұздақ бейнелері енгізілген. Енді «бұрынғы заман жақсы еді» деп тамсанатындар бір сәтке сол кезеңге орала алады. Ғимарат өзгергенімен, ішкі рухы сол күйі сақталған. Мәзірі қарапайым болғанымен, тағамдары ерекше қалыпта ұсынылатын болады: нан күніне үш рет пісіріліп, кофе дәндері сол жерде қуырылады, ал үлкен, қытырлақ сэндвичтер қонақтардың көз алдында жасалады. Осылайша жаңа буын аты аңызға айналған балмұздақ пен лимонадтардың дәмін тата алады.
SIX Coffee + Wine
Мекенжайы: Бөгенбай батыр к-сі, 117/107
Жаңадан ашылған Six Coffee + Wine кеңістігі бірнеше аймаққа бөлінген. Мейрамханаға кіргенде алдымен бар аймағына тап боласыз, ал ең соңында жасанды камині бар бөлмеге өтесіз. Мұндай жайғасым күндізгі және кешкі уақытты меңзейді: түске дейін таңғы ас пен кофе берілсе, кешкі алтыдан кейін гастрономиялық тағамдар мен шарап ұсынылады. Осыған сәйкес мейрамхананың атмосферасы да құбылып тұрады. Қазіргі заманда контенттің маңызы зор, сол себепті витражды терезелер мен дизайнерлік орындықтары бар арнайы фотоаймақ та жасалған. Негізі, бұл жерде отыруға болмайды, бірақ басқа орындар толы болса, рұқсат етілуі мүмкін. Одан әрі созылып жатқан ұзын холдағы жарық жүйесі таң шапағынан күннің батардағы реңіне ауысқандай әсер қалдырады. Мекеменің ресми ашылуы 21 маусымға жоспарланған.