Dining|Food

Tatler таңдауы 2025: Қазақстанның ең үздік дәм мекендері

Автор Tatler Kazakhstan
20.10.2025
Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

Tatler Best in Class: қонақжайлылық саласының үздік сарапшылары мен қазылар алқасы анықтаған 2025 жылғы Қазақстанның ең үздік барлары мен мейрамханалары

Tatler Best in Class марапатының нәтижесімен мақтанышпен бөлісеміз: бұл – мейрамхана және бар бизнесі әлеміндегі сарапшыларымыз бен қазылар алқасының мұқият дауыс беруі арқылы таңдалған Қазақстанның 2025 жылғы үздік барлары мен мейрамханалары. Ендеше, еліміздегі қонақжайлылық мәдениетін жаңа деңгейге көтеріп жатқан сол үздік мекендерге тоқталайық.

Akami

Үздік жаңа мейрамхана

Akami – қаладағы жапон рухын ең дәл беретін басты мекен шығар. Мұндағы балық сапасы ерекше, ал тағамдары тіл үйіреді. Жапон мәдениетіне тән ұстамдылықпен безендірілген, жарығы дұрыс қойылған кең кеңістік. Егер жапон асханасы туралы гастрономиялық түсінігіңізді кеңейткіңіз келсе, бұл – таптырмас орын. Мәзірден міндетті түрде дәм тату керек тағамдар: аками сашимиі мен нигириі (жапон тунецінің арқа еті), камчатка крабы, шисо соусы қосылған сегізаяқ. Akami – Алматыда омакасе ұсынатын жалғыз мейрамхана. Омакасе («сізге сенемін» деп аударылады) – бұл бас аспаз сізге бүгін не ұсынарын өзі шешетін дәстүрлі жапон тамағы. Қонақтан тек толық сенім қажет.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

AUYL

Үздік инновациялық мейрамхана

Бұл мейрамхана – еліміздің бетке ұстары деуге болады. Жаңаша пайымдалған неокөшпелі асхананың бірегей жобасы, қаладағы ең әдемі террасасы бар, әріден сыр шертетін тарихы бар мекен. Сыртқы сұлулығының ар жағында ашық отта – тандырда, мангалда, қазанда пісірілген таза, адал дайындалған тағам жатыр. Мұнда келмес бұрын үстелге алдын ала тапсырыс беріп, таңдауды сол жердің жігіттеріне сеніп тапсырған жөн – олар алғашқы рет келген қонаққа не ұсыну керектігін жақсы біледі.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

Nuala

Үздік сервис

Шеф Тарас Корчагин басқаратын Nuala мейрамханасы – су мен жер стихиясын, яғни балық пен етті біріктіретін бірегей жоба. Әркімнің талғамы әр түрлі болатын топтар үшін бұл таптырмас орын. Мәзір жеңіл теңіз өнімдерінен (устрицалар, крабтар, балық, сегізаяқ) және рибай вагю, сиыр қабырғалары, ысталған жылқы еті сияқты салмақты ет тағамдарынан тұрады. Мұнда шарап таңдауы да мол, әрі шампанға қатысты керемет дәстүрі бар: Қазақстанның 2024 жылғы үздік сомельесі Роман Щербаков апта сайын қызықты шампан түрін таңдап, оны бокалмен ұсынады.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

Aqqu

Үздік дизайн

Кеңес заманында бұл кафе тек жаз мезгілінде, жанындағы тоғанда аққулар жүзіп жүргенде ғана жұмыс істейтін. Сондықтан оны «Аққу» деп атаған. Қазір аққулар жоқ. Бірақ сымбатты құстың бейнесі интерьерде жаңа өмір тапты: оны мозаикада, ыдыста, вазаларда және басқа декор заттарында бейнелеген. Брендингті жасамас бұрын, команда Алматының «Алтын шаршысын» және барлық тарихи орындарын зерттеп шыққан. Тарихи ғимараттардағы өрнектердің қалыбын алып, мозаикаға алма бейнесін, «Қазақстан» қонақүйін, ескі «Аққу» ғимаратының қасбетін және креманкадағы балмұздақты қосқан. Енді «бұрын бәрі жақсы еді» дейтіндер өткен шаққа бір сәт орала алады. Ғимарат, әрине, өзгерген, бірақ іші сол заманның рухына толы.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

Gruppo 63

Үздік жаңа бар және үздік дизайн

Бардың негізін қалаушылар неоавангардтық Gruppo 63 қозғалысынан және Федерико Феллинидің атақты «8 жарым» фильмінен шабыт алған. Жазушылар, ақындар мен зиялыларды біріктірген бұл қозғалыс философиясының негізінде жаңашылдық пен өзін-өзі көрсету жатты. Алайда, мұнда мәдени төңкеріс жоспарлағың келмейді, керісінше, достарыңмен әңгімелесіп, басқа қонақтармен көз түйістірген әлдеқайда жағымды. Толқын тәрізді бар үстелі келушілер бір-бірін жақсы көре алатындай етіп арнайы жобаланған. Авторлық коктейльдер жылы сары жарықпен үйлесіп, жайлы атмосфера тудырады және көңілді кештің бастамасын жасайды.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова

Atelier

Үздік сервис

Atelier мекенжайы құпия сақталады – тек достарға сыбырлап айтылады немесе директке жазылады. Бұрын оның орнында шынымен де ателье болғандықтан, бар сол сыртқы келбетін сақтап қалған және сырттай қарағанда кәдімгі бутиктен еш айырмашылығы жоқ. Ішіндегі қара едендегі ақ сызықтар пішу тақтасын бейнелесе, тоқыма үстелін демалыс күндері диджей-сеттер үшін пайдаланады. Тіпті киім өлшейтін бөлме де сақталған: жергілікті өндірушілер барда өз топтамаларын таныстырғанда, ол сол мақсатында қолданылады.

Фотосурет: Аружан Жанова
IMAGE Фотосурет: Аружан Жанова