Lifestyle|Arts

Нұргүл Нүсіпжанова: «Әлем ақ-қара клавиштер мен ноталардан әлдеқайда ауқымды...»

Автор Анастасия Стаханова
12.11.2025
Нұргүл Нүсіпжанова: «Әлем ақ-қара клавиштер мен ноталардан әлдеқайда ауқымды...»

14 қарашада қазақстандық пианист Нұргүл Нүсіпжанова Almaty Theatre сахнасындағы алғашқы жеке (әрі табиғи дыбыстағы) концертін бермек. Осы айтулы кеш қарсаңында Tatler Asia онымен сұхбаттасып, өнер жолындағы алғашқы дыбыс, сүйікті отандық музыканттары және алдағы концерттің неліктен оның шығармашылығындағы ең сырлы кеш болатыны жайлы сұрастырды

14 қарашада өтетін концерт Нұргүл Нүсіпжанованың көптен бергі алғашқы концерті болмақ. Күләш Байсейітова атындағы мектеп пен Құрманғазы атындағы консерваторияны бітірген Нұргүл өзінің шығармашылық жолында көптеген халықаралық байқаулардың лауреаты атанып, 2013 жылы Парижде Рубинштейн атындағы халықаралық конкурстың басты сыйлығын жеңіп үлгерген.

Бұл кеш музыканың толық салтанатына арналмақ. Жүргізушінің немесе ауызша түсініктеменің орнына, музыкалық шығармалар пианистің өмірінен алынған қысқа деректі видеоүзінділермен өзара үндестік тауып жалғасады. Оның мансабындағы ең жеке әрі сырлы кеш болатын бұл концерттің бағдарламасына Ференц Лист, Клод Дебюсси, Сергей Рахманинов, Фридерик Шопен, Александр Скрябин, Джордж Гершвин және Анатолий Лядов сияқты ұлы композиторлардың сүйікті туындылары кірген.

Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде
IMAGE Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде

Нұргүл Нүсіпжанова Қазақстанда тек музыкамен ғана емес, спорттағы жетістіктерімен де танымал. Мәселен, оның Ыстықкөлді бірнеше мәрте жүзіп өткен ерлігі бар. Осы себепті де, Tatler Asia пианистпен оның өмірі, өнері және судың оның тағдырындағы орны жайлы әңгімелесті. Айта кетерлігі, су тақырыбы алдағы концерттің басты арқауына айналмақ.

Ең алғаш естіген дыбысыңыз есіңізде ме? Ал өміріңіздегі ең маңызды дыбыс ше?

Менің балалық шағым Ескі алаңның (қазіргі «Астана алаңы» - Tatler.) төменгі жағындағы саябақта өтті. Анам коляскамен серуендеп жүріп, фонтанға қарама-қарсы орындықтарда кітап оқитын. Мен судың сылдырын бесік жырын тыңдағандай ұйықтап кететінмін. Сондықтан да, мен үшін ең алғашқы дыбыс – су бұрқақтарының дыбысы. Ал ең маңызды дыбыс – жарыстарда барынша жинақталып, бүкіл денем іске қосылған кезде еститін жаттықтырушым Ришаттың ысқырығы (күледі). Оны жүздеген метрден, тіпті мыңның арасынан да танимын.

Суға деген сүйіспеншілік қалай оянды және музыкаға деген махаббат па, әлде суға деген махаббат па, қайсысы бұрын келді?

Әрине, ең алғашқысы – музыкаға деген махаббат. Ата-анам музыкант болғандықтан, мен алты жасымнан бастап музыкамен айналысып келемін. Дегенмен, пианист болу – менің жеке таңдауым болды. Суға деген сүйіспеншілік әлдеқайда кеш оянып, менің есеюіммен, жалғыздықты сезінуіммен және өзімді іздеуіммен тығыз байланысты.

Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде
IMAGE Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде

Спорт музыкамен қалай байланысты? Жүзу, жаттығу, альпинизм арманы Рахманиновпен қалай үйлеседі?

Тәртіп. Спорт та, музыка да тәртіпті, жігерді және шыдамдылықты талап етеді... Бірақ спорт маған сахнада жоқ нәрсені – қолмен ұстап көруге болатын нақты нәтижені береді. Музыкада жан күші мен физикалық еңбек тоғысып тұрса, спорт маған көбіне эмоциялық тұрғыдан күш береді. Оның қайтарымы әлдеқайда мол: музыкада бір пассажды айлап жаттасаң да, сахнада қателесіп кетуің мүмкін, ал жүзуде жаттығуда жасаған еңбегің әрқашан жетістікке жетелейді.

Рояльдің төрт қабырғасы мен ақ-қара клавиштердің арасында ғана уақыт өткізсем, не туралы ойнайтынымды білмес едім. Әлем ақ-қара клавиштер мен ноталардан әлдеқайда ауқымды. Маған оны танып білу ұнайды. Мен табиғатпен тығыз араласуды ұнатамын – тау желін өз теріңмен сезіну, қуатты толқын денемді қауырсын сияқты тербеткенін сезіну – осының бәрі біздің қаншалықты өткінші екенімізді еске салады. Дәл осы сәтте өзіңе адал болып, сүйген ісіңмен айналысудың маңызы зор.

Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде
IMAGE Нұргүл Нүсіпжанова Дәуір Жомарт объективінде

Алматыда өнер көрсету мен Карнеги-холлда өнер көрсету әртүрлі сезіледі ме?

Мен үшін Карнеги-холл, Almaty Theatre немесе шағын, болмашы залдың айырмашылығы жоқ. Менің міндетім – ойнаған кезде көрермен жүрегіңе әсер ету. Залда мың адам отыр ма, біреу отыр ма, маңызды емес. Мен үшін орындау сапасы әрқашан біреу ғана, себебі мен өз-өзімнің алдында жауаптымын.

14 қарашадағы бағдарламаңыз туралы айтып беріңізші.

Соло-концерт беру идеясы бағзыдан пісіп-жетілген, бірақ дәл пьесаларды ойнау ойы кенеттен келді. Мен бұрын «өзім үшін» ойнаған пьесаларды бір үлкен концертке біріктіргім келді. Бұл – менің репертуар таңдаудағы толық еркіндігімнің көрінісі. Бұл менің өмірімдегі ең сырлы концерт: мен тыңдаушыларға өз жүрегімді – сүйікті шығармаларымды ұсынып отырмын.

Сіз қазіргі қазақстандық музыканы тыңдайсыз ба?

«Әрине! Маған Владимир Золотухин (Zoloto) қатты ұнайды, оны нағыз музыка майталманы деп санаймын. Сапалы әнді тірі дауыста орындай алатын орындаушылар сирек кездеседі. Сондықтан Володяның концерттерін жіберіп алмауға тырысамын. Сонымен қатар, Орынханның дауысы мен Әлидің (Kunzharyq) әуендері мен лирикасы мені ерекше баурайды.