Кең аксессуарлар дәуірі басталды: биыл қандай сөмкелер сәнде болады?
2025 жылы дизайнерлер бұйымның әдемілігінен бұрын қолдануға ыңғайлы болуына басымдық беріп жатыр. Енді стильмен қатар ыңғайлылық та алдыңғы қатарға шығады. Құрметті кеңсе ханшайымдары, қуанатын сәт келді: бұл жыл – көлемді сөмкелердің дәуірі. Супер үлкен тоут-сөмкеге енді далап пен айфон ғана емес, София Копполаның кітабы мен макбук та сыйып кетеді.
Маусым материалы – уақытпен көркейетін табиғи күдері. Miu Miu сән көрсетілімінде модельдер үлкен күдері сөмкелерді қолтығына басып, оларды әдейі «тоздырып», ерекше сән берді. Биыл сөмкеде өмір іздері неғұрлым көп болса, соғұрлым сәнді.
Дизайнерлер бірқалыптылықтан алыс болу үшін сәнге аздап ойнақылық қосты. Бұл маусымда сөмкелердің басты сәні – шашағы. Биылғы жылдың басты бес трендін назарларыңызға ұсынамыз.
Күдері
Күдері сөмке таңдасаңыз, оның бетінде сызаттар мен тозу іздері қалатынын ескеріңіз. Бірақ мұны қазір «ретро-шик» деп атайды. Маусымның ең ерекше үлгілерінің бірі – JW Anderson ұсынған Loafer Bag.




Дәрігердің сөмкесі
Miu Miu, Jil Sander, Hermès және The Row классикалық медициналық саквояжды (саяхат сөмкесін) қайта жаңғыртты. Бұл үлкен дәрігер сөмкелері соңғы уақытта микросөмкелерді ығыстырған алып тоут-сөмкелердің жаңаша бейнесіне айналды. Нағыз must-have!




Шашақтар
Өткен жылы Белла Хадидтің ковбой стиліне қызығушылығы арқасында шашақ сәнге қайта оралды. 2025 жылы бұл тренд шарықтау шегіне жетті. Шашақтар енді барлық жерде – Fendi-дің іскерлік сөмкелерінде де, Bottega Veneta-ның богемиялық себет сөмкелерінде де кездеседі.




«Такса»
Өткен жылдың хиті – Alaïa ұсынған Le Teckel сөмкесі, бұл француз тілінен аударғанда «такса» дегенді білдіреді. Басқа дизайнерлер бұл үлгіні жалғастырып, ұзынша формалы сөмкелерін шығарды. Prada мен Proenza Schouler ұсынған «таксаларды» енді үй жануарыңыз секілді қолтыққа қыса салуға болады.




Үлкен клатч
Жаңа маусымда клатчтардың көлемі едәуір артты. Үлкейтілген форматтағы бұл сөмкелер кешкі де, күнделікті де киім үлгілеріне жарасымды. Stella McCartney мен Coach ұсынған көлемді жұмсақ клатчтар тіпті ең қарапайым киімді де сәнді ете алады.




