Люкс тауарлар шығаратын ірі конгломераттар сән брендтерін өз игілігіне жинауды жалғастырып жатқан тұста, тәуелсіз дизайнерлердің жарқын шоғыры мүлдем басқаша бағыт ұстануда. Олар негізгі бақылауды өз қолдарында қалдырып, мәмілелерді аса сақтықпен жүргізуге және тек өз есімдерінің абыройына арқа сүйеуді жөн көреді. Осы табандылықтың арқасында инди-брендтер (independent, тәуелсіз маркалар) сән индустриясының жаңа кейіпкерлеріне айналып, заман талабына сай жаңа ережелерді қалыптастыруда
Джорджо Армани дүниеден озғаннан кейін көп ұзамай, оның компаниясы дизайнердің соңғы ерік-еркін жариялады. Өмірінің соңына дейін өз сән үйінің жалғыз әрі дербес иесі болған Армани компанияны сатуды немесе оның акцияларын қор биржасына шығаруды аманат еткен. Жаһандық конгломераттар барлығын жаппай сатып алып жатқан және бәсекелестікке төтеп беру үшін цифрлық даму мен нарықты жылжытуға миллиардтаған қаражат салуды талап ететін мына заманда, тәуелсіз брендтердің көбісі бизнес пен креатив арасындағы нәзік тепе-теңдікті таба алмады. Дегенмен, алғашқы бес жылдық «өлім алқабынан» (кәсіпкерліктегі ең қауіпті кезең) табысты өтіп, табандылық танытқан аз ғана маркалар бүгінде сән бизнесінің алдыңғы қатарын құрап отыр.
Бұл орайда, жас дизайнерлердің конгломераттардың құрамына кіруге деген құлшынысы айтарлықтай бәсеңдеуде. Он жыл бұрын бұл – кез келген брендтің ең соңғы әрі басты арманы болатын. Мәселен, 2013 жылы Джонатан Андерсонға Loewe сән үйін басқару ұсынылғанда, оның JW Anderson брендін LVMH-ке қосу мәміленің негізгі шарты етіп қойылды. Салдарынан, конгломерат бренд капиталына еніп, бүгінде оның акцияларының 46%-ын иемденіп отыр. Алайда, уақыт өте келе жағдай өзгерді. Сол LVMH құрамына 2019 жылы қосылған Стелла МакКартни 2025 жылы өзінің 49% үлесін кері сатып алып, маркасының тәуелсіздігін қайтадан өз қолына алды.
Қазіргі кезде жаңа брендтер мен инвесторлар арасында ауызша бекітілген «джентльмендік келісім» орнап отыр. Бұл келісім бойынша, ешкім де шексіз тәуекелге бармауы тиіс: инвестициялар аз мөлшерде бөлініп, үлес пакеттері шағын болады, ал шығармашылық жұмысқа араласуға қатаң тыйым салынған. Бұған L’Oréal мен Jacquemus арасындағы мәміле айқын дәлел бола алады. Ірі компания брендтің небәрі 10%-ын ғана сатып алғанымен, өз ықпалын тек beauty бағытымен шектеді. Косметикалық алпауыт компаниялар үшін бұл қалыпты стратегия: L’Oréal бұған дейін де Mugler мен Viktor&Rolf лицензияларын, ал Puig – Jean-Paul Gaultier лицензиясын бақылап келеді.
Саналы түрде ешкімге бағынбайтын «қара тұлпар» рөлін таңдағандар да бар. Мысалы, танымал дизайнер Фиби Файло инвесторлардың барлық ұсыныстарынан бас тартып, өз бизнесін толығымен өзінің шарттарына сай құрды. Мұндай жолға түсу тек өзіне деген асқан сенімділікті ғана емес, сонымен бірге ерекше стратегиялық көрегендікті де талап етеді. Дегенмен, бүгінде ондай дара есімдерді саусақпен санап шығуға болады.
COPERNI
Франция сән индустриясының көзайымы атанған және әлеуметтік желілердегі ең көз тартарлық сән сәттерін жасаған Себастьен Мейер мен Арно Вайан өздерінің Coperni брендінің 12 жылдығын атап өтті. Бренд астроном Николай Коперниктің құрметіне аталып, оның идеялары дизайнерлер дуэтін брендтің ерекше визуалды әлемін жасауға шабыттандырған. Coperni өзінің технологиялық және футуристік көзқарасы арқасында тез танымал болды: олардың дизайнында цифрлық мотивтер мен минималистік формалар белсенді қолданылады. Мәселен, брендтің ең танымал өнімі Swipe Bag сөмкесінің пішіні iPhone-дағы құлыпты ашу белгішесін еске салады.


Бірақ Coperni-дің ең басты жетістігі – әлеуметтік желілерде жалпы назарды бірден аударатын ерекше сәттерді тудыра білуі. Мысалы, Белла Хадидтің денесіне спрей себу арқылы көйлек әзірлеу видеобейнесі Vogue журналының тарихындағы ең көп тамашаланған видеоға айналды.
Бір қызығы, Coperni қазіргі күнге дейін шағын стартап ретінде жұмыс істеуін жалғастыруда: 2025 жылғы жағдай бойынша компанияда бар-жоғы 30-ға жуық адам жұмыс істейді, ал оның жылдық айналымы бірнеше миллион еуроға бағаланады (нақты сандар жарияланбайды). Қазір Coperni-ді дамытумен айналысып жатқан Tomorrow Ltd бизнес-инкубаторының негізін қалаушы Стефано Мартинетто брендтің аксессуарлар желісіне үлкен үміт артып отыр. Өйткені, сөмкелер – кез келген дизайнерлік үйдің негізгі табыс көзі болып саналатыны белгілі.

MARINE SERRE
Небәрі сегіз жыл бұрын ғана өз брендінің негізін қалаған 33 жастағы дизайнер Марин Серрдің жетістігіне таңғалмау мүмкін емес. Оның жұмыстары Бейонсенің Black is King альбомына енген, ал оның Париж көрсетілімдері қала жолдарында айтарлықтай көлік кептелісін тудырды. Оның осыншама танымал болуына тек оңай танылатын логотипі (жарты айдың өрнегі) ғана емес, сонымен бірге ол басынан бастап ұстанатын апсайклинг (қайта өңдеу) идеологиясының маңыздылығы да себеп болды.
2022 жылдың соңына қарай оның компаниясында 70 қызметкер жұмыс істеп, айналымы €14 млн-ға жеткен. Бүгінде бұл сән индустриясындағы ең табысты әрі үлгілі жобалардың бірі болып, әрі негізін қалаушысы әрі дербес иесі әйел кісі болып отырған жалғыз марка болып табылады.

DILARA FINDIKOĞLU
Түркиядан шыққан готикалық ханшайым Дилара Финдикоглу – Лондон сән индустриясының айшықты тұлғаларының бірі. Келесі жылы дизайнер өз брендінің он жылдық мерейтойын тойламақ. Алайда, оның шығармашылық жолында бірқатар қиындықтар орын алды: бизнесін банкроттықтан сақтап қалу үшін дизайнерге 2024 жылғы көктем-жаз маусымының көрсетілімін өткізіп жіберуге тура келген.
«Мен бірнеше рет банкроттық шегінде болған кезде, өмірдің ең маңызды сабақтарын алдым. Ең ауыр сәттерде де мен өзіме деген мызғымас сенімділікті жоғалтпадым», – деп ашық айтады ол.
2015 жылы Финдикоглу Central Saint Martins оқу орнын бітіргенімен, дипломдық коллекциялардың дәстүрлі көрсетіліміне қатысушылардың тізіміне іліне алмады. Бұған жауап ретінде, ол колледждің кіреберісінде өзінің «партизандық» (яғни жасырын ұйымдастырылған) шоуын өткізіп, баспасөзде үлкен дүмпу туғызды.
Дизайнер Түркиядағы консервативті мұсылман отбасында дүниеге келген, бірақ оның шығу тегі кедергі болудың орнына, керісінше – құндылықтарды қайта пайымдауға қуат берген. Дилара Лондонға оқуға кеткенде, ағасы онымен он жыл бойы сөйлеспегенін айтады. Дилара негізгі қаражатын жоғары талғамды жеке тапсырыстар арқылы табады, мұны ол абайлап кутюр деп атайды. Бұл тәуелсіз бренд үшін жақсы көрсеткіш – демек, оның ауқатты әрі адал клиенттік базасы қалыптасқан.

WILLY CHAVARRIA
Мексикалық-американдық дизайнер Вилли Чаваррия биыл 58 жасқа толып отыр. 2015 жылы аттас брендті іске қосқаннан бері, ол Нью-Йорктің ең ықпалды әрі салмақты дизайнерлерінің бірі ретіндегі мәртебесі бекітілді. Оған дейін ол Ralph Lauren және Calvin Klein сияқты жетекші американдық брендтерде көп жыл еңбек етіп, бұл оған дизайнерлік шеберлікті іскерлік ұйымдастырушылықпен ұштастыруға мүмкіндік берді. Чаваррия табысты коллаборациялар сериясын – әсіресе adidas-пен бірлескен жұмыстарды – өз маркасының беделін арттыру үшін тиімді пайдаланып келеді.

2024 жылы ол көрсетілімдерін Нью-Йорктен Парижге көшіріп, осылайша өз брендін әлемдік сән сахнасында толығымен паш етті. Париждегі екі ғана көрсетілімнен кейін баспасөзде оны Fendi сән үйінің креативті директоры лауазымына қарастырып жатыр деген сыбыстар шыға бастады. Сәндегі мол тәжірибесінің арқасында Чаваррия коммерциялық өнімдер мен шығармашылық мәлімдемелер арасындағы теңгерімді сақтай біледі. Мысалы, Salle Pleyel залында өткен драмалық шоу 35 актердің созылған ақ футболкаларды киіп (бұл АҚШ иммиграциялық қызметінің құрбандарына жасаған сілтемесі) шығумен ашылып, ерлер сән апталығының ең көп талқыланған көрсетілімдерінің біріне айналды.


AMI PARIS
Александр Маттиусси Ami Paris (Ами Париз) брендінің негізін 2011 жылы – екінші мәрте қалады. Дизайнер брендтің бірінші нұсқасын 2002 жылы жабуға мәжбүр болған. Ол табысқа жету үшін ірі инвестиция қажет екеніне Marc Jacobs компаниясының бас директорымен кездескеннен кейін ғана көз жеткізді. Дәл осы тәжірибесінің арқасында Ami өзінің «екінші тынысын» аша алды.

Екінші рет іс сәтті өрбіді: 2011 жылғы коллекция редакторлар мен сатып алушылардың назарын бірден аударып, оны Марк Ли Barneys New York үшін сатып алды. Бүгінде марка әлем бойынша 300-ден астам дүкенде, соның ішінде Selfridges, 10 Corso Como және Saks Fifth Avenue сияқты беделді сауда орындарында ұсынылған, сондай-ақ Парижде, Токиода, Лондонда және Гонконгта өзінің жеке сән бутиктері бар.
Брендтің өсу қарқыны таңғаларлық: 2019 жылғы €35 млн айналымнан Ami Paris 2022 жылға қарай €230 млн-нан асып, соңғы жылдары €300 млн межесінен өтті. 2021 жылы компанияның капиталына Sequoia Capital China инвестициялық қоры қосылып, бұл оның халықаралық ауқымда кеңеюін және Азия мен АҚШ-та жаңа басты дүкендерді ашуға мүмкіндік берді.
Сыбыстарға қарағанда, 2019 жылы бренд банкроттықтың алдында тұрғандықтан, Sequoia инвестициясы өте қажет әрі уақытылы болған. Бүгінде Ami Paris орнықты әрі тұрақты өсуді көрсетуде, оның артында дизайнер Александрдың өзі және оның серіктесі, іскер басқарушы және кәсіпкер Николя Санти-Вейлдің тиімді бірлескен жұмысы тұр.


BODE
Эмили Адамс Боденің (Emily Adams Bode) бренді Нью-Йорктің сән сахнасында дизайнға «интерьерлік» көзқараспен ерекшеленді. Дизайнер винтаждық маталарды – құрақ көрпелерден бастап ас үй сүлгілеріне дейін – пайдалануға басымдық береді. Оларды отбасылық жәдігерлердей көрінетін бұйымдарға айналдырады. Әрбір коллекция нақты бір мағыналы әңгіме айналасында құрылып, американдық тұрмыс пен салт-дәстүрлерге сілтеме жасайды, бұл Bode-ге қолөнер сәні мен концептуалды люкс арасындағы дара орынды иеленуге мүмкіндік берді.
Брендтің бизнес-моделі «асықпай, сапалы өсу» қағидасына негізделген. Олар шектеулі сериялар шығарады, e-commerce және жеке бутиктер арқылы тікелей сатылымдар жүргізеді, сондай-ақ ретейлерлермен тек мұқият іріктелген серіктестіктер жасайды. Мұндай тәсіл сыртқы қысымнан аулақ болып, өндіріс пен сапаны бақылауды толығымен өз қолында сақтауға мүмкіндік береді. 2023 жылы Bode Парижде өзінің алғашқы еуропалық дүкенін ашып, халықаралық нарықтағы позициясын нығайтуға қадам жасады. If you know, you know (білетіндер ғана бағалайды) санатындағы бренд болып қала берген Bode он жылдық жұмысы ішінде адал да тұрақты клиенттер базасын жинады – бұл ретте олардың орташа чегі $2 мың шамасында, айтарлықтай жоғары деңгейде қалып отыр.

JACQUEMUS
Тәуелсіз дизайнерлердің королі және әлеуметтік желілердің жұлдызы Симон Порт Жакмюс (Simon Porte Jacquemus) өз брендін 2009 жылы 19 жасында іске қосты. Болжам бойынша, 2025 жылдың соңына қарай компанияның айналымы €500 млн-ға жетуі тиіс. Штатта 150-ден астам қызметкер жұмыс істейді, ал кеңсесі мен өндірісі негізінен Францияда орналасқан.


Кеңеюдің басты қозғаушы күші – брендтің негізі қаланғаннан бастап әлеуметтік желілерді басқарып, табиғи түйсікті виралды (әлеуметтік желілерде жылдам тарайтын) коллаборациялармен ұштастырған Симонның өзінің харизмасына негізделген шебер маркетингтік стратегия болды.
Le Chiquito культтік сөмкесінің (Белла Хадидтен Рианнаға дейін барлығы сүйетін шағын аксессуар) іске қосылуы бетбұрыс сәті болды. Аксессуарлардың сәттілігі ассортиментті кеңейтуге және Лос-Анджелестен Дубайға дейінгі барлық әлемдік астаналарда жаңа дүкендер ашуға мүмкіндік берді. Компания қосымша сегментті де белсенді игеруде: 2022 жылы Jacquemus Nike-пен коллаборацияны бастады, ал жақында өзінің бьюти-желісін ашты, оның миноритарлық инвесторы жоғарыда айтылған L’Oréal болды.
Коммерциялық коллекциялар мен Версальдағы немесе Валансольдің лаванда алқаптарындағы концептуалды көрсетілімдер арасындағы теңгерім брендті инвестициялар үшін өте тартымды етеді. Сонымен қатар, негізін қалаушы жақын арада компанияны сатуды жоспарламай, бақылауды толығымен өз қолында сақтап отыр.

