Style|Watches

2025 жылдың айтулы сағаттары: әр айға бір үлгіден

Автор Алексей Тарханов
18.11.2025
Hublot Spirit of Big Bang Tourbillon 5DAY Power Reserve | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Hublot Spirit of Big Bang Tourbillon 5DAY Power Reserve | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Қыркүйек айында Женевада өткен Geneva Watch Days көрмесі – күзгі маусымның жаңа туындыларымен танысудың таптырмас алаңы. Бұл жерде көрмеге қатысушы 66 марканың ғана емес, өз шеберлігін паш етуге асыққан өзге де сағатшылардың ең қызықты жұмыстарын көруге болады. Дәстүр бойынша, Tatler жылдың әр айына және циферблаттағы әр таңбаға орай 12 бірегей үлгіні таңдап алды

Уақыт уы

Жаңа UR-150 Blue Scorpion моделінде уақыттың өтуі жай ғана көрсеткіш емес, нағыз қойылымға айналған. Сағат тілінің орнына мұнда сандар жазылған үш «жерсерік» блок орбита бойымен айналып жүреді. Ал минутты көрсететін тіл 240 градусты сызып өтеді де, межеге жеткенде қас қағым сәтте кері секіреді. Дәл сол сәтте механизм «уақыт карталарын» қайта таратып, бәрін басынан бастайды.

Бұл қимылды көзбен көріп үлгеру мүмкін емес, бірақ оны сезінбеуге болмайды – әсері дәл шаянның шаққанындай. Blue Scorpion атауы да бекер емес: ол механиканың «уытты» батылдығы мен жұмсақ каучук бауға орнатылған нәзік дизайнды үйлестірген. Бұл – аяусыз уақытты қолға үйретудің ең тиімді жолы

Urwerk UR-150 Blue Scorpion | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Urwerk UR-150 Blue Scorpion | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Уақыт машинасы

Максимилиан Бюссердің бренді өзінің 20 жылдық мерейтойын ғажайып LM101 EVO сағатымен атап өтуде. 2014 жылы алғаш жарық көрген Legacy Machine моделі кезінде ғылыми-фантастикалық дизайн мен зергерлік механиканы ұштастырып, MB&F маркасының революциялық рухын паш еткен болатын. Жаңарған EVO нұсқасы білекке тағуға әлдеқайда ыңғайлы етіп жасалған. Ол нәзік механизмді сенімді қорғап қана қоймай, оның ішкі сұлулығын бар сәнімен көрсетеді. Зүбаржат немесе қызғылт түсті циферблаттың үстін сапфир күмбез жауып тұр, ал оның астында – екі тірекке бекітілген баланстық дөңгелек тоқтаусыз соғуда. Бұл сағаттың бір ғана «кемшілігі» бар: оған бір қарасаңыз, дәл iPhone-ға телміргендей, көзіңізді ала алмай қаласыз.

MB&F Legacy Machine 101 EVO | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE MB&F Legacy Machine 101 EVO | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Рим мәрмәрі

Мәңгіліктің символы саналатын мәрмәр тасы екінші рет Bvlgari-дің ультражұқа турбийонының негізіне айналып отыр. Қалыңдығы небәрі 4,85 мм, диаметрі 40 мм болатын корпустағы жұп-жұқа көк мәрмәр бұл тастың Ежелгі Римде неліктен соншалықты жоғары бағаланғанын дәлелдейді. Сағаттың жүрегі – турбийон тастың үстінде қалықтап тұрғандай әсер қалдырып, салмақсыздық сезімін күшейтеді. Octo Finissimo Marble Tourbillon – бұл Bvlgari-дің римдік мұрасына деген құрметі және сәулеттік қатаңдық пен рекордтық нәзіктік тоғысқан бірегей туынды.

Bvlgari Octo Finissimo Marble Tourbillon | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Bvlgari Octo Finissimo Marble Tourbillon | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Сәулетші сағаты

Zenith шеберлері уақытпен ойнап көрді: олар 1960 жылдардағы Defy дизайнын алып, ішіне 1969 жылғы аңызға айналған El Primero механизмін орнатты. Ал егер оған сол дәуірдің тағы бір символы – USM Haller әйгілі жиһаз брендінің эстетикасын қоссақ қайтеді? Нәтижесінде ерекше сағат пайда болды. Оның болат корпусы 14 қырлы жиегімен және Gay Frères білезігімен Defy-дің танымал пішінін қайталайды. Ал ішінде – аңызға айналған El Primero хронографы. Циферблат USM жиһаздарына тән төрт фирмалық түсте жасалған: жасыл, қызғылт сары, сары және көк. Әр түстен небәрі 60 дана шығарылған, ал қорабы да USM Haller стиліндегі шағын жиһазға ұқсайды.

Zenith Defy Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Zenith Defy Chronograph USM | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Жұмбақ үшбұрыш

Швейцариядан шыққан H. Moser & Cie. маркасы жұртты таңғалдырудың шебері. Жаңа Pioneer Flying Hours үлгісінде уақытты көрсету тәсілі мүлдем өзгеше: сағатты көрсететін үш терезе минуттық белгілері бар айналмалы дөңгелекпен шектеседі. Дөңгелек циферблат бойымен жылжып, бір терезеден екіншісіне өткен сайын, сағат саны сиқырлы түрде ауысып отырады.

Бұл механизмнің ырғағы адамды гипноз сияқты баурап алады. Жеті жыл бұрын шыққан алғашқы нұсқасында сағат сандары баяу ауысатын болса, енді олар лезде өзгереді. 100 данамен шектелген авантюрин тасты (жұлдызды аспанға ұқсайтын) нұсқасы тым салтанатты көрінетіні сонша, оны сиқыршының құралы деп ойлап қалуға болады. Дегенмен, күнделікті өмірге қарапайым титан үлгісі ыңғайлырақ.

H. Moser & Cie. Pioneer Flying Hours | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE H. Moser & Cie. Pioneer Flying Hours | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Күрделі бөшке

Коллекционерлер Spirit of Big Bang топтамасын тек күрделі механикасы үшін ғана емес, tonneau яғни «бөшке» пішінді ерекше корпусы үшін де жақсы көреді. Hublot бұл жолы корпусты төрт түсті керамикадан ұсынып отыр: қызыл, сары, көк және қара. Бауды немесе білезікті жылдам ауыстырып, түстерді үйлестіруге немесе, керісінше, қарама-қайшы комбинация жасауға болады.

Бұл сағаттың циферблаты «қаңқа» (скелетон) стилінде жасалған, яғни ішкі құрылысы толық көрініп тұрады. Төменгі жағында сағат механизмінің жүрегіндей соғып тұрған турбийон орналасса, бүйіріндегі индикатор сағаттың бес күнге жететін қуатын көрсетеді. HUB6020 механизмін тамашалау үшін әрбір дөңгелек, әрбір тетік барынша ашық қалдырылған.

Hublot Spirit of Big Bang Tourbillon 5-Day Power Reserve | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Hublot Spirit of Big Bang Tourbillon 5-Day Power Reserve | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Жарық пен уақыт гүлі

Jacob & Co. ұраны «Inspired by the Impossible» («Мүмкін еместен шабыттанған») деп бекер айтылмаған. Жаңа Mystery Tourbillon үлгісінің қақ ортасында үш бағытта бірдей айналатын, механизмнің тереңіне жасырынған «ұшатын» турбийон бар. Ол гүлге ұқсайтын сәндік құрылымның ішіне орналастырылған. Бұл «гүл» 288 қырлы JacobСut гауһар тасымен және тоғыз гексагоналды таспен жарқырайды. Бұл «гүлді тәж» механизммен бірге айналып, турбийонның қозғалысын әдемі паш етеді.

Диаметрі 44 миллиметрлік ақ алтын корпус көзге көрінбейтін арнайы әдіспен бекітілген 500-ден астам асыл таспен безендірілген. Бұл – зергерлік өнер мен күрделі сағат механикасының біртұтас фантастикалық бейне құраған сирек кездесетін үлгісі.

Jacob & Co. Mystery Tourbillon 44MM | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Jacob & Co. Mystery Tourbillon 44MM | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Шектеусіз секундтар

Breitling әйгілі Ironman® триатлон жарысымен серіктестігін жалғастырып, екі шектеулі хронограф үлгісін ұсынды. Ницца мен Гавайидағы жарыстардың құрметіне сұр циферблатты, титан корпусты Endurance Pro Ironman® World Championship 2025 үлгісі 500 данамен шығарылды. Ал қызғылт сары акценттері бар көгілдір циферблатты Endurance Pro Ironman® 70.3 үлгісі (300 дана) Марбельядағы чемпионатқа арналған.

Екі үлгі де хронограф пен пульсометрі бар 82 SuperQuartz™ механизміне ие. Сағат 100 метрге дейін су өткізбейді. Ironman® – 3,8 км жүзу, 180 км веложарыс және 42,2 км марафоннан тұратын әлемдегі ең қиын жарыс. Мұндай қашықтықты бағындыра алатындар үшін циферблаттағы уақыт – жай сандар емес, ерік-жігердің өлшемі.

Breitling Endurance Pro Ironman® | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Breitling Endurance Pro Ironman® | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Алтын, платина

2001 жылы дүниеге келгеннен бері Ulysse Nardin Freak моделі сағат әлеміндегі ережелерді бұзушы символы болып қала береді. Оның басты ерекшелігі – сағаттың тілі жоқ, уақытты өз осінен айналатын механизмнің өзі көрсетеді.

Жаңа X Crystalium моделінде циферблат бірегей Crystalium материалынан жасалған. Бұл – платина тобына жататын, бірақ платинадан он есе сирек кездесетін рутений металынан алынған. Рутений кристалдану процесінен өтіп, қайталанбас геометриялық өрнектер түзеді. Қызғылт алтынмен қапталған әрбір циферблат – табиғаттың өзі жасаған сурет сияқты, жалғыз әрі бірегей. Freak әрқашан сағат жасау ережесінен тыс болатын, енді ол қолданбалы өнер ережелерінен де асып түсті.

Ulysse Nardin Freak X Crystalium | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE Ulysse Nardin Freak X Crystalium | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Көк құс

DB28xs Kind of Blue Tourbillon – білектегі түнгі аспанның бір бөлігі іспетті. Жаңа корпуста марка өзінің ерекше белгілерін сақтап қалған: жиналған қанаттарды еске салатын көпір және «ғарыштық» көк түске боялған титан. Көк түс әу бастан De Bethune-нің сүйіктісі болған: кезінде олар ай фазасының индикаторындағы ғаламшар сияқты ұсақ бөлшектерді ғана осы түске бояйтын.

Енді бұл түс сағаттың барлық жерінде – корпустан бастап, білекті құшатын құлақшаларға дейін жайылған. Мінсіз механизмнің әрбір беті қолмен тегістеліп, айнадай жалтыратылған. Оның миниатюралық сәулетінде марка шеберлерінің шыдамдылығы мен сағатты өнер туындысына айналдырған авангардтық ойы жатыр.

De Bethune DB28xs Kind of Blue Tourbillon | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE De Bethune DB28xs Kind of Blue Tourbillon | Баспасөз қызметінің мұрағаты

Көміртекті жүрек

TAG Heuer маркасы Carrera және Monaco топтамаларындағы жаңа хронографтарын таныстырды. Олардың басты ерекшелігі – сыртында емес, ішінде. Ла-Шо-де-Фондағы зертханада он жылдық зерттеулердің нәтижесінде алғаш рет көміртектен жасалған серіппе (спираль) қолданылды. Бұл кішкентай серіппе – сағат «жүрегінің» (калибрдің) ең маңызды бөлшегі: дәл осы серіппе механизмнің ырғағын белгілеп, уақыттың дәлдігін анықтайды.

Әлемде әлі жоқ жаңа серіппе түрі сағаттың бұрын-соңды болмаған дәлдікпен жұмыс істеуіне кепілдік береді. Әзірге бұл технологиямен жабдықталған сағаттар шектеулі таралыммен (әрқайсысы 50 данадан) шықты. Бірақ TAG Heuer басшылығының айтуынша, бұл – тек бастамасы: жақын арада жаңа технология марканың басқа модельдерінде де қолданылатын болады.

TAG Heuer Monaco Flyback Chronograph TH-Carbonspring | Баспасөз қызметінің мұрағаты
IMAGE TAG Heuer Monaco Flyback Chronograph TH-Carbonspring | Баспасөз қызметінің мұрағаты