Камила Ковязинаның «Бес жыл» кітабын автордың өзімен бірге талқылаймыз

Бір кеште құрбым екеуіміз қыдырып жүргенбіз. Тым кеш болып кетсе де, тарқасуға асықпай, әңгімемізді ары қарай жалғастырғымыз-ақ келді. Сол кезде мен анаммен бірге бала кезден бері жиі баратын кітап дүкеніне кіруді ұсындым: ол жерде екеуіміз кітап сөрелерін әрлі-берлі зерттеп, мұқабаларды қызыға қарайтынбыз. Осы жолы Камила Ковязинаның «Бес жыл» атты кітабына көзім түсті. Оны алуыма жазушы Лили Калаустың кітаптың сыртқы бетіндегі: «Әйелдің әлемге көзқарасы – оның күйзелістерімен, қуаныштарымен, қайғыларымен, ана атануымен, ақымақтықпен, даналықпен, сатқындықпен және достық пен махаббатқа деген сенімімен» деген пікірі қатты әсер етті. Кітаптың көлемі шағын болғандықтан, оны сол дүкеннің ішінде-ақ оқып бітірдік.

«Бес жыл» кітабында үш жас әйелдің сәби сүйген алғашқы жылдары суреттеледі. Ақерке күйеуі мен енесінің көңілін табуға тырысып, өзін жоғалтып алғандай болады. Декреттік демалыста отырғанда Әлияның қаржылық жағдайы қиындайды. Ал Мәдина депрессияға түсіп, баласымен байланысын үзеді. Осындай қиындықтарға тап болған кезде қыздар бір-бірінен қолдау табады. Біркелкі әрі қызықсыз аналар ғана бастан кешер оқиғалар. Дегенмен Камила Ковязина оны ешқандай шағымсыз, ашық баяндай білген. Мұнда маңыздысы, бірақ талқыланбайтын тақырыптар байыппен әрі орынды көтерілген. «Бес жыл» кітабын «Секс в большом городе» фильмінің Орталық Азияға бейімделген шынайы нұсқасы деп атауға толық негіз бар. Кітаптың бірінші бетінен бастап өзіңді басты кейіпкерлердің төртінші құрбысы ретінде сезінесің. Оқырманды оқиғаға терең бойлату әсерін эпистолярлық форма (жеке хат жазысудың әртүрлі түрлерін қолдану – Tatler) одан әрі күшейте түседі. Шынымды айтсам, мен үнемі мұқабаға назар аударып, ойым бөліне берді. Алғашында, мұнда саусақпен аршылған жара бейнеленген деп ойладым. Тек кейіннен алты қол қоршап тұрған жүкті әйелдің әдемі бейнесін көрдім.

Tatler Asia

«Бес жыл» кітабын Editors’ Pick айдарына таңдағым келгені сол еді, авторы Камила Ковязинамен бірге талқылаудың сәті түсті. Ол маған кітаптың идеясы және сюжетті құрудағы күрделі таңдаулар туралы сыр шертті.

Идеясы

Менің екі балам бар. Бүкіл уақытымды соларға және жұмысыма арнаймын. Бірақ бір сәтте өз‑өзімді ұмытып кеткенімді түсініп, осы тәжірибемді кітапта көрсетуді ұйғардым. Сөйтіп, «Бес жыл» ана мен әйел өміріндегі сан алуан ойларды арқау еткен туындыға айналды.

Tatler Asia
IMAGE Камила Ковязинаның жеке мұрағатынан алынған сурет

Кейіпкерлері

Кейіпкерлерге психологиялық тереңдік беру үшін мен әртүрлі әйелдің тәжірибесіне сүйендім. Ана болу оларға қалай әсер еткенін зерттеу өте қызықты болды. Құндылықтар мен көзқарастарымыз сан алуан екеніне қарамастан, бәріміздің ұзақ та күрделі бір трансформациялық кезеңнен өткеніміз айқын.

Менің кітабымда кейіпкерлер шыңдалып, жақсылыққа бет бұрады, бірақ өмірде барлығында бірдей бұлай бола бермейді. Мысалы, Ақеркенің сынаған, қысым көрсеткен, эмпатиясыз енесіне айналу қаупі болды. Дегенмен Мәдина және Әлиямен қарым-қатынасын үзбеген ол осы бір қауіпті жағдайдан аман қалды. Меніңше, адамның өз ортасымен байланысын үзбей, тұйықталып қалмауы өте маңызды.

Мақсаты

Мен әлемді біржолата өзгертіп, көзқарастарды түбегейлі ауыстыруды мақсат еткенім жоқ. Жай ғана бойымдағы жылдар бойы жинақталған дүниені ақтарып салдым. Ана атанудың маған қаншалықты қиынға соққанын тіпті елестетіп те көрмеппін. Мен психологиялық тұрғыдан күйзеліп, титықтап, бақытсыз адамға айналдым.

Кітап жазу барысында үнемі орта білім, колледж, секс туралы ағартушылық және өзіндік даму туралы пікірлерімді қосып отырдым. Кейіннен маңызды мәселелерді көтеру керек екенін түсіндім, өйткені олар оқырманнан күшті эмоциялық фидбек әкеледі. Мысалы, маған ислам дінін ұстанатын адамдарды менсінбей, кемсітетін адамдар ұнамайды. Сондықтан да діннің адамдарды біріктіре алатынын көрсеткім келді.

Бірегейлік

Кітаптағы барлық кейіпкерлер менің өмірлік тәжірибемнен алынған, бірақ мінезі жағынан маған Әлия жақынырақ. Ол жан жылуы мол, мейірімді, сонымен бірге өте жігерлі. Оның хикаясы маған ерекше жақын: менің сіңлім дүниеге келгенде, біздің отбасымыз дәл сондай қиындықтарды бастан өткерді. Ақша жоқ еді. Жөргектерді мүлдем дерлік сатып алмайтынбыз, жаялықтарды жуып пайдаланатынбыз. Бұл кезең маған қатты әсер етіп, санама сіңіп қалды. 

Tatler Asia
IMAGE Камила Ковязинаның жеке мұрағатынан алынған сурет
Tatler Asia
IMAGE Камила Ковязинаның жеке мұрағатынан алынған сурет

Шығармашылық қиындықтар

Мен бірнеше рет шығармашылық тұйыққа тірелдім. Оқиғалар жоспар бойынша дамымай, күтпеген жаңа кейіпкерлер пайда болды. Ақеркенің баласының температурасы көтерілген сәтті бейнелеу маған қиынға түсті. Басты кейіпкердің сезімдерін шамадан тыс асырып жібермеу маңызды болды. Қазір оқырмандар бұл көріністің оларды жылататынын айтып жатыр. Демек, мен бәрін дұрыс істегенмін. Мәдина психологте отырған сәтте мен өз сезімдерімді жасырмай жаздым. Туыстарымның бұған теріс реакция білдіруінен қорықтым. Бірақ олар мұны ойдан шығарылған нәрсе деп санаған сияқты. Мен кітапқа қоспаған бір эпизод бар – Мәдинаның өзін-өзі өлтіруге талпынатын кезі. Бұл көрініссіз сюжет біртүрлі толық емес сияқты еді. Алайда оны жазуға жүрегім дауаламағандықтан, сол қалпында қалдырдым.

Соңы

Мен кез келген қиындықтан шығуға болатынын көрсеткім келді. Өмір әділетсіз және қайғылы деп қарап отыра алмайсың ғой. Маған бір әйелдің оқиғасын айтып берген еді: күйеуі қайтыс болып, төрт баласымен жалғыз қалған екен. Сол кезде туыстары оған қолдау көрсетті. Он жыл өткенде балалары мектепті бітіріп, колледждер мен университеттерге түсті. Қазір олардың бәрі жақсы. Мен өзім де осындай жағдайды бастан кешірдім, сондықтан адамдарға үміт беруді қаладым. Егер қазір қиындық көрсеңіз, бес жылдан кейін бәрі басқаша болары сөзсіз.

Темы