Даун синдромы бар балалармен жұмыс, әлеуметтік кино, өнердің қоғамдағы рөлі мен «Ерекше дәрігер» фильмі туралы актердің жүрек жарды сұхбатын оқи отырыңыз.
Қазақстан кинотеатрларында прокатқа шығатын «Ерекше дәрігер» – басты рөлдерде кәсіби актерлермен қатар Даун синдромы бар балалар ойнайтын ерекше фильм. Басты кейіпкер – отставкадағы Александр. Контузиядан кейін бас ауруынан зардап шеккен ол «Ерекше дәрігер» атты жұмбақ клиникаға жүгінеді. Клиника кез келген дертті бір сеанста жазып береміз деп уәде етеді. Алайда Александрға үйге келген дәрігер – кішкентай қыз Марта болып шығады. Зұлым ниетті адамдар оны және басқа да балаларды заңсыз жұмысқа жеккен. Александр жағдайды өз қолына алмақ болады.
Александрдың рөлін сомдаған қырғыз актері Әзиз Бейшеналиевпен осы жоба аясында сөйлесіп, инклюзия тақырыбы, әлеуметтік кино, жасанды интеллект, TikTok феномені мен «кэнсел» қозғалысы туралы пікірін тыңдадық.
«Ерекше дәрігер» фильмі және ерекше балалармен жұмыс
Ерекше балалармен жұмыс кез келген актер үшін әдеттегі тәжірибе емес. Бірақ жоба мені түбегейлі өзгертті дей алмаймын. Бұл ұсыныс маған шығармашылық және өмірлік жағынан қалыптасқан кезеңде түсті. Отыз жылдай бұрын бельгиялық режиссер Жако Ван Дормельдің «Сегізінші күн» фильмінен қатты әсерленіп едім. Инклюзивті, терең, шынайы киноға тамаша үлгі. Сол кезде-ақ біздің өңірде мұндай тақырыптардың сирек көтерілетініне қынжылғанмын.
«Ерекше дәрігер» алғашында София Витвердің қысқаметражды фильмі ретінде басталды. Кейін жаңа көріністер қосылып, шағын сериалға айналды. Біраз уақыттан кейін София оның толықметражды нұсқасын да қолға алды. Бір қызығы, соңғы екі форматта актерлік құрам өзгеше. Бұл – кәсіби және адами тұрғыда ұмытылмас тәжірибе. Қазір фильмнің прокатқа шығуын тағатсыздана күтіп отырмын. Бұл картинаны мүмкіндігінше көп адам көрсе деймін.

