Шымкентте KIIZSPACE-ті қайтадан ашып жатқан Шыңғыс Рысқұловқа қонаққа барып қайттық
Өнер десе, ішкен асын жерге қояр жастар қазір көп. Соның бірі – Шыңғыс Рысқұлов. Ол үшін өнер бірінші орында. Шыңғыс Шымкентте KIIZSPACE заманауи өнер галереясын жаңғыртуға барын салып жатыр. Кеңістік алғаш рет 2022 жылы ашылған болатын, ал қазір толыққанды галерея мен өнер резиденциясымен толықтырылды.
Шыңғыс былтыр күзде көшеде келе жатып, баяғыдан көзі түсіп жүрген бір ғимаратты көреді. Ғимараттың иесі 80 жастағы скульптор – Насыр Рүстемов. Шыңғыс Рүстемовке барып, оның жолын жалғастырғысы келетінін, осы жерде үлкен галерея ашқысы келетінін айтады. «Біздің қаламызда үлкен көрме залы жоқ. Осы мүмкіндік пен жауапкершілікті мен алайын», – дейді. Ол қуана келіседі. Насыр Рүстемов кезінде осы ғимаратта отырып, 100-ге жуық мүсін жасаған. Соның бірі – Дәурен Әлдековпен бірге жасаған Абай мүсіні. Шыңғыс ғимаратты Насыр Рүстемовтен бес жылға жалға алу туралы келісті.
Шыңғыс галереяны көруге келген әр қонақты өзі күтіп алып, галереяны бірге аралап, өзі жасаған кофені ұсынады. Жапон стиліне ұқсас үлкен кеңістік бірден көздің жауын алады. Галереяда қазір құрылыс жүріп жатыр. Шыңғыс достарымен бірге кофейня мен кітапхананың құрылысын бітірді. Ғимаратты толық аяқтап, ресми түрде ашуға Шыңғыстың қаржылай мүмкіндігі жоқ. Алайда жаймен ашылып, адамдар ғимараттың құрылысын бірге көрсе деген ойы болған. Бәлкім, осы құрылыстың өзі үлкен бір инсталляция шығар?!.

