Viled & Tatler Celebrating Nauryz аукционынан кейінгі сандықтардың заманауи өнер туындыларына айналып, экологиялық миссияға қосқан үлесі жайлы мақаламыздан оқи отырыңыз.
Алматыдағы Esentai Mall сауда орталығының екінші қабатында «Менен кейін» атты көрме ашылды. Шағын болса да келушілердің назарын жаулаған әсерлі экспозицияда Viled & Tatler Celebrating Nauryz қайырымдылық аукционында сатылған сандықтар қойылған.
Жобаға қатысқан қазақстандық суретші қыздар үшін сандық жай ғана жасау салатын бұйым емес. Бұл – ежелгі код, оны қайта ашуға, бұзуға және жаңаша ұғынуға болатын нышан. Мұнда дәстүрге жаңаша көзқараспен қарап, әйел үні де жаңаша естіледі. Көрмеден түскен қаражат «Freedom Шапағат» қоры арқылы Арал теңізін қалпына келтіруге бағытталды. Көрменің кураторы – суретші Бахтияр Беркін.
Жұрт назарына қойылған әр сандық – бірегей өнер туындысы. Таныс пішін арқылы мәдениет, тарих, болмыс пен таңдау құқығы туралы үн қату әрекеті байқалады. Төменде әр жұмыс жайлы толығырақ баяндадық.
Tamyr sandyq
Авторы: Аружан Жұмабек
Бұл сандық – тек бұйым емес, тұтас бір әулеттің мәдениеті мен тарихын сақтайтын кеңістік. Оны киіз үйдің жүрегі ретінде елестетуге болады. Құдды бір тамыр жайып, жер мен аспанды, деректі дүние мен метафизиканы жалғап тұрғандай. Tamyr sandyq – тірі ағза мен рухтың өрлеуінің символы. Ол тарих пен дәстүр арқылы қуаттанады. Бабалар ізінен нәр алады. Бұл – буыннан буынға өтетін білім мен тәжірибенің арнасы. Материалдық пен руханилықты біріктіріп, ошақтың бүтіндігін сақтайды.
