Қазақстандық режиссерлердің хоррор жанрындағы туындысы Bloody Horror International Film Festival халықаралық байқауына іріктелді
«Жезтырнақ» – Clover Street Production студиясы ұсынған қазақстандық фолк-хоррор-комедия жанрындағы фильм. Картинаның желісі Мирас есімді қарапайым алматылық жігіт төңірегінде өрбиді. Оған ауқатты отбасынан шыққан сұлу Айна ғашық болады. Алайда бұл махаббаттың астары бар: Айна Мирастан да, оның ата-анасынан да қорқынышты құпия жасырып жүр. Ол – әдемі жас қыз кейпіндегі айлакер де қауіпті жезтырнақ.
Bloody Horror International Film Festival – әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған әуесқой және кәсіби режиссерлердің үздік инди-хоррор туындылары көрсетілетін канадалық беделді кинофестиваль. Іс-шара наурыздың онынан желтоқсанның жиырмасына дейін жалғасады. Осы беделді байқауда қазақстандық «Жезтырнақ» фильмі жартылай финалист атанды. «Бұл – біз үшін үлкен мәртебе: «Жезтырнақ» – қазақтың бай фольклорынан шабыт алған хикая және оның елімізден тыс жерде танылып, жоғары бағаланғанына шексіз қуаныштымыз», – деп атап өтті Clover Street Production студиясының ұжымы.