IMAGE Chanel

Ұмытылып кеткен кітапты тауып, оны таза ауада кофені сораптап отырып оқитын уақыт келіп жетті. Chanel құрған оқырмандар клубы туралы әңгімелейміз.

Жұлдыздармен бірге кітап оқуды жалғастырып, Chanel оқырмандар клубы жайлы әңгімелегіміз келіп тұр. Клуб қатысушылары Карл Лагерфельд 1999 жылы негізін қалаған 7L кітап дүкенінде жылына екі рет кездеседі. Дизайнер Chanel сән үйін 1982 жылдан бастап өмірден озғанша, яғни 2019 жылға дейін басқарды. Аталған дүкендегі бренд өкілдерінің қатысуымен өтетін әдеби кездесулер 2021 жылы бастау алды. Клубқа Chanel брендінің баспасөз хатшысы әрі Грейс Келлидің немересі Шарлотта Казираги жетекшілік етеді. «Кітаптар адамның дүниетанымын қалыптастырады. Олар – тәуелсіздігіміздің негізі», – дейді Шарлотта брендтің ресми сайтында келтірілген сөзінде.

Клубтың атауы – les Rendez-vous littéraires rue Cambon (француз тілінен аударғанда – «Камбон көшесіндегі әдеби кездесулер») сән үйінің негізін қалаушыға нұсқайды. Коко Шанель Камбон көшесінде тұрып, алғашқы Chanel дүкенін де 1910 жылы дәл сол жерде ашқан болатын.

Клубтың әдеби кездесулеріне тек бренд өкілдері ғана қатысады. Нәтижесінде әзірленген ақпар онлайн жарияланады. Актерлер, дизайнерлер, модельдер және креативті индустриялардың өкілдері оқыған кітаптарының тізімін құрады. Олардың арасында «Субстанция» фильмінің жұлдызы Маргарет Куолли, бельгиялық әнші Анжель, актриса Марийон Котийяр және өзге де бренд амбассадорлары бар.