Қазақ дубляжының қазіргі бейнесін көру үшін дубляж өкілдерімен сөйлестік
Қазақ дубляжы бүгінде жаңа белеске көтерілді. Disney, Sony, Nickelodeon, Marvel компанияларының мультфильмдері бүгін кинотеатрларда қазақ тілінде көрсетіліп жатыр. Бірақ бұған бір күнде келген жоқпыз. Оның артында бірнеше буынның еңбегі, дубляж мектебінің қалыптасуы, мемлекеттік және жеке бастамалар тұр. Индустрияның қазіргі жағдайын түсіну үшін бұл жолды кезең-кезеңге бөліп, кәсіби мамандармен, әуесқой студия өкілдерімен, актерлер мен студенттермен сөйлестік.
Дубляж тарихы
Қазақ дубляжының тарихы 1960-70 жылдардан бастау алады. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының классикаға айналған «Менің атым қожа» (1963), «Қыз жібек» (1972), «Тақиялы періште» (1969) сияқты фильмдері орысша түсіріліп, алғаш қазақша дубляждалған. Байділдә Қалтаев, Атагелді Ысмайылов, Хадиша Бөкеева, Лейло-Бекназар Ханинга, Мұхтар Бақтыгереев, Уайс Сұлтанғазин, Фарида Шәріпова, Тілектес Мейрамов, Бекболат Құрманқожаев сынды актерлер – дубляж мектебінің майталмандары.
Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі күрделі экономикалық жағдайға байланысты дубляж саласына назар аударылмай қалды. 2000 жылдары телеарналарда көбіне түрік, үнді, корей сериалдарына дубляж жасалып жатты. Ол кезде дубляж актерлері де көп емес еді. Бірнеше сериалды қатар-қатар аударып, дубляждайтын, алайда жалақы да ол кезде аз болатын. 2011 жылдан бастап Disney мультфильмдері қазақшаға аударыла бастағаннан кейін дубляжда үлкен компаниялардың жаңа стандарттары мен талаптары пайда болды. Disney мультфильмдеріне дубляж «Болашақ» корпоративтік қорының және Meloman Entertainment компаниясының қолдауымен басталды. Қазақ тілінің мәртебесін көтеру жолында 2019 жылы шетелдік фильмдерде қазақша субтитрлер болу керек деген заң шықты. Қазақша және орысша дубляж режиссері әрі актері, театр әртісі Шах-Мұрат Ордабаевтың айтуынша, қазақша дубляж жоғары сапалы жобаларды ұсынып келеді. Дубляжға көбіне театр әртістері шақырылады, өйткені әр кейіпкердің эмоциясын түсініп, дауыс қоя білу аса маңызды.
Халықаралық студиялар дубляждың сапасына аса мән беріп, әрбір үдерісті қадағалап отыратындықтан, аударма мен бейімделуге ерекше мән беріледі. Танымал тіркестер мен әзілдер қазақша контекске сай аударылу керек. Ал әндердің аудармасы мен ұйқасын келтіру үшін ақындар шақырылады.
Қазақша дубляждың мәртебесін арттыру мақсатында дубляжға танымал актерлер, блогерлер және әншілер тартылады. Бұл дубляждың кең таралуына өз септігін тигізіп жатыр. Осы уақыт аралығында 50-ден астам анимациялық фильмдер қазақ тілінде шықты: «Көліктер 2», «Мұзды өлке 2», «Малифисента», «Коконың құпиясы», «Монстрлар демалысы», «Дамбо», «Өрмекші адам», «Аватар 2», «Энканто«», «Ойжұмбақ 2» «Моана 2», «Муфаса», «Лило мен Стич», «Элио» және т. б.
Біз қазіргі дубляж тарихын бірнеше бөлікке бөліп, «Қазақфильм» студиясының маманымен, аниме дубляжымен айналысатын студиялармен, актерлермен және студенттермен сөйлестік.