IMAGE The Devil Wears Prada (2006) | imdb.com

Командамызбен жаңа Freedom Media онлайн кинотеатрын тестілеп, бізге шабыт беретін фильмдер туралы әңгімеледік

Freedom Media – жаңадан ашылған қазақстандық онлайн кинотеатр. Платформа әлемдік студиялармен келісімшартқа отырып, қазақ тіліне ілеспе дубляждалған халықаралық контентті қолжетімді қылады. Tatler Kazakhstan редакциясы ресми релизден платформамен танысты. Freedom Media-дағы сүйікті фильмдеріміз туралы әңгімеледік.

Freedom Media аясында қазақстандық түпнұсқа сериалдар мен Батыс елдеріне тән форматтарды жергіліктендіруге акцент қойылады. Жуырда Әділхан Ержанов түсірген «Казахские страшные сказки» мен õzen production-мен бірге әзірленген «Ұлжан» сынды түпнұсқа сериалдардың премьерасы болады. Спортқа да баса көңіл бөлінеді: Чемпиондар Лигасы, UFC, Formula 1 және ұлттық спорт жарыстарының трансляциясы жоспарланған. Сондай-ақ Bilim Media Group-пен бірге білім беру бағыты да қолға алынбақ.

Илья, диджитал-директор
Collateral (2004)

Майкл Манн – өз замандастары арасында жете бағаланбаған режиссер. Collateral фильмі – оның жете бағаланбаған еңбегі. Түрлі номинациялар мен Ұлттық кино сыншылары кеңесі тарабынан мойындалғанына қарамастан, фильм Heat сияқты культтік сипатқа ие бола алған жоқ. Обал. Пол Окенфолдтың Ready Steady Go (корей стиліндегі) әнімен қатар атыс болатын тұсының өзі қайда жатыр.

Tatler Asia
IMAGE Collateral (2004) | imdb.com

Сергей, креативті директор
Tron: Legacy (2010)

Tron: Legacy фильмі – заманауи Голливудтағы ең бір жете бағаланбаған әрі стильді фильмдердің бірі. Авторлардың жанр мен форматқа эксперимент қоюдан тартынбағаны анық көрінеді. Фильм – сценарий жағынан осалдау болғанымен, стиль, музыка және эстетика жағынан шарықтау шегіне жеткізілген дүние.

Tatler Asia
IMAGE Tron: Legacy (2010) | imdb.com

Әйгерім, продюсер
Little Miss Sunshine (2006)

Little Miss Sunshine – отбасылық құндылықтарды айқындайтын жылы шырайлы фильм. Оны жақындарымды сағынғанда көремін. Үйге оралғандай боламын. DeVotchKa мен Майкл Данна жазған әсерлі саундтректі атап өту керек. Ол фильмге жеңіл мұңлы реңк береді, үміт ұялатады. Бас кейіпкердің рөлін тыныш әрі шыншыл сипатта сомдап шыққан Стив Кареллдің өнерін айтсаңшы. Көңілді жібітеді.

Tatler Asia
IMAGE Little Miss Sunshine (2006) | imdb.com

Дания, SММ директоры
Step Up (2006)

Step Up – 2000-шы жылдары туған, үздік бойжеткен мен бұзық жігіттің махаббаты жайлы уытты хикаяларды көріп өскен қыз баланың классикасы. Фильм бізді көп қабатты образдарға, биге киетін туфлиге және Ченнинг Татумның денесіне деген махаббатқа бөледі... Құмарлық, уайымсыздық және жастық жаңбырдың астындағы биге ұласқан бір сәтті арман қылды. Артта, әрине, Сиараның «1, 2» әні ойнап тұрады.

Tatler Asia
IMAGE Step Up (2006) | imdb.com

Камила, YouTube редакторы
War & Peace (ВВС, 2016)

Орыс тілді орта Батыс елдерінде түсірілген орыс әдебиеті классикасы адаптацияларына сын көзбен қарайды. Мен де Толстойдың экранға шыққан еңбектері үшін алаңдай жөнелемін. Алайда BBC Толстойдың маған ұнайтын қасиетін, яғни шығармаларына тән жеңіл мұңды бейнелей алды. Сериал емен ағашының отыз беттік сипаттамасын Андрей князьдің сол ағашқа мұңға толы көзбен қарап тұрған бір жарым минуттық көрінісімен алмастырады. Алайда мұндай өзгерістер көрерменнің таңғажайып костюмдерден, керемет касттан және Мартин Фиппстің музыкасынан алатын ләззатын еш кемітпейді. Тіпті Наташаның ұсқынсыз акцентпен ән айтуы да кедергі болмайды. Рөлін Пол Дано сомдаған ұялшақ әрі нәзік Пьер кітап беттерінен секіріп түскендей әсер қалдырады. Мейлі, Ростовтар әулетінің отбасылық көрінісі болсын, мейлі, Болконскийдің Аустерлицтегі ерлігі не Пьер мен Долоховтың дуэлі болсын, осы бір жан тебірентер сезім сериалдың соңына дейін кетпей тұрып алады. «Осы күндер мәңгі жалғасса екен», – дейді Наташа. Көзім жасаурай жөнеледі. Сериал да мәңгі жалғасса екен дегім келеді.

Tatler Asia
IMAGE War & Peace (ВВС, 2016) | imdb.com

Мадина, графика дизайнері
The Usual Suspects (1995)

«Шайтанның ең ұлы айласы – әлемді өзін жоқ деп сендіруі» – The Usual Suspects фильмінің басты фразасы. Сыншылардың мадағына әбден бөленген фильм: екі АҚШ Ұлттық кино сыншылары кеңесі премиясы, Токио кинофестивалінің күміс жүлдесі, екі «Сатурн» премиясы, екі «Оскар», екі BAFTA премиясы және де менің ТОП-5-ім.

Tatler Asia
IMAGE The Usual Suspects (1995) | imdb.com

Тимур, оператор 
The Naked Gun (1988)

Бәрін ұмытып, қарқылдап күліп алу керек болса, The Naked Gun фильмін көрген абзал. Абсурд әзіл-сықақ классикасы. Қайта оралып көре бергің келетін фильмдердің бірі. Бас кейіпкер Фрэнк Дребин – хаос пен ақымақтықтың нышаны. Оның қылықтарына күлмей қарау мүмкін емес. Бүгінде бізде дәл осындай шаттық жетіспейтін сияқты.

Tatler Asia
IMAGE The Naked Gun (1988) | imdb.com

Альбина, фоторедактор 
Dallas Buyers Club (2013)

Іште жатқан күш-қуат пен рухани трансформация туралы хикая. Ғажап актерлер Мэттью Макконахи мен Джаред Летоның арқасында кейіпкерлер тірі, шыншыл болып көрінеді. Фильм күтпеген жерден фармацевтикалық этика мәселелерін көтереді. Ем алудың қолжетімділігі, денсаулық сақтау жүйесіндегі бюрократия туралы ойлана бастайсың.

Tatler Asia
IMAGE Dallas Buyers Club (2013) | imdb.com

Зарина, редактор
WALL-E (2008)

Өмірге деген құштарлықтан жұрдай болғанда Disney мен PIXAR-дың мультфильмдерін көргің келіп кетеді. Мейлі, 15-те бол, мейлі, 30-да бол. Ең сүйікті анимациялық фильмім – WALL-E. Жер шарын қоқыстан тазартатын мұңды, қозғалтқышы меланхолияға толы роботтың хикаясы. Ол жаңа нәрсе тапқан сайын адамға тән қасиеттерге ие болғандай көрінеді. Барлық нәрсені жоғалтып, жаңа нәрсе – махаббат, үміт және тағы бір өмір тапқандай боласың.

Tatler Asia
IMAGE WALL-E (2008) | imdb.com

Анель, редактор 
The Devil Wears Prada (2006)

The Devil Wears Prada – сән және сұлулық индустриясына кіріп, түңілгісі келетіндерге арналған фильм-катализатор. Бұл фильмді еске ала бере махаббатқа бөленесің. Suddenly I see әнін ести сала TikTok-қа дейін болған «эдиттерді» еске аласың. 2026 жылы жалғасы жарық көреді. Эмили Парижге ұшады, Энди өз ісін табады, ал оның жігіті жоқ болады деп үміттенеміз. Алайда жаңа «шайтанды» іздеу керек болады. Шын шайтан Нейт қой.

Tatler Asia
IMAGE The Devil Wears Prada (2006) | imdb.com

Павел, оператор 
Reservoir Dogs (1992)

Reservoir Dogs фильмі – Тарантино классикасы. Актерлер құрамы тамаша. Абсурд диалогтер мен абсурд көріністер. Қылмыс жайлаған 1990-шы жылдар атмосферасына бөлейтін фильм. Стильді, қатыгез, еліткіш әрі дана туынды.

Tatler Asia
IMAGE Reservoir Dogs (1992) | imdb.com

Индира, сән редакторы
Zoolander (2001)

Zoolander – сән әлемі туралы түсірілген ең үздік фильм. Мұнда маған ұнамды дүниелердің бәрі бар – стиль де, әзіл де, өзекті тақырыптар да, Дэвид Боуи де. Бас кейіпкер – капитализм құрбанының нышаны, ал сән индустриясы – әлемді басқаратын зұлымдық иесі.

Tatler Asia
IMAGE Zoolander (2001) | imdb.com

Егор, редактор
Cloverfield (2008)

Cloverfield – жете бағаланбаған, өз заманынан озық болған фильм. Мокьюментари жанрында түсірілген фильм қазіргі NEON және A24 студияларының туындыларына келеді. 2022 жылғы «Бэтменнің» режиссері Мэтт Ривзтің басты еңбектерінің бірі. Фильмнің продюсері Джей Джей Абрамс өзінің жеке «Годзилласын» жасауға ұмтылса керек, алайда Cloverfield қорқынышты әрі сырлы болып шықты. Қазір фильмнің екінші фильмі түсіріліп жатыр, режиссері – Бабак Анвари. Түпнұсқаның атмосферасы сақталады деп үміттенеміз.

Tatler Asia
IMAGE Cloverfield (2008) | imdb.com

Динара, SММ 
«Питер FМ» (2006)

«Питер FМ» – көктемгі және жазғы кештері көретін фильм. Оны тез ұмытылатын сюжеті үшін емес, атмосферасы, оның ішінде 2000-шы жылдардағы Санкт-Петербург пейзажы, актерлердің образы, музыкасы, тіпті дыбыстауы үшін көре бергің келеді. Мұның бәрі жағымды бір ностальгияға бөлейді. Питерді ешқашан көрмесең де.

Tatler Asia
IMAGE «Питер FМ» (2006) | imdb.com

Темы