Леди Гага мен Ариана Гранде – MTV Video Music Awards 2025 салтанатының басты жұлдыздары атанды
Нью-Йорк қаласы 42-ші рет MTV Video Music Awards салтанатының куәсі болды. 1984 жылдан бері музыка әлемінің ең үздік бейнебаяндары мен хиттерін анықтап келе жатқан бұл кештің басты жұлдыздары – Леди Гага мен Ариана Гранде болды. Кештің ең басты марапаты – «Жыл видеосы» аталымын Ариана Гранде өзінің Brighter Days Ahead туындысымен жеңіп алды. Әнші жалпы есепте «Үздік поп-видео» және «Үздік ұзақ видео» санаттарын қоса алғанда, үш мүсіншені қанжығасына байлады.
«Жыл артисі» атағын Леди Гага иеленді. Алайда, бұл марапат әнші үшін оңай болған жоқ: дауысына байланысты қиындықтар туындап, ол Майамидегі концертін тоқтатуға мәжбүр болды. Дегенмен, VMA сахнасында сөз сөйлегеннен кейін бір жарым сағаттан соң, ол Madison Square Garden-де Abracadabra және The Dead Dance әндерімен керемет шоу көрсетіп, нағыз кәсіби екенін дәлелдеді.
Сабрина Карпентер де кештің басты жеңімпаздарының қатарынан көрінді. Оның Short n’ Sweet альбомы «Жыл альбомы» марапатын алса, орындаушының өзі «Үздік поп-артист» деп танылды.
Сондай-ақ, биыл «Үздік поп-артист» және «Үздік кантри-видео» атты жаңа номинациялар қосылды. Бұл мүсіншелерді сәйкесінше Сабрина Карпентер мен Megan Moroney (Am I Okay? бейнебаяны үшін) иеленді. Ал музыкаға сіңірген ерен еңбегі үшін Мэрайя Кэри (Video Vanguard Award), Баста Раймс (Rock the Bells Visionary Award) және Рики Мартин (Latin Icon Award) арнайы марапаттарға лайық деп танылды.








