IMAGE Getty Images

Сарапшылар бізді кісі өлтіру, зорлық-зомбылық және қатыгездік оқиғалары неге соншалықты қызықтыратынын түсіндірді

Ас үйде кешкі асты дайындап жүріп, құрбандарын бөлшектеп өлтірген сериялық маньяк туралы подкаст тыңдау қазіргі таңда қалыпты жағдайға айналды. Бірақ бұл көпшіліктің назарына ілінгендіктен ғана солай. Тру крайм жанры поп-мәдениеттің феноменіне айналып, тіпті криминалистикадан алыс жандардың өзі оны жаңа бір қызық ретінде қабылдайды.

Ескі буын үшін «қалыптылықтың» мағынасы басқашарақ еді. Мысалы, Андрей Чикатило мен Николай Джумагалиев секілді кеңес заманының маньяктары туралы мәліметтер тек жаңалықтарда ғана айтылып жататын. Ал тру крайм жанры бұл қорқынышты хикаяларды таусылмас контент әлеміне айналдырды: сан алуан подкасттар, талдаулар, сұхбаттар, кино, сериалдар мен әндер.

Кісі өлтірушілердің оқиғалары бізді неге соншалықты қызықтырады? Миллиондаған адам психикалық ауытқуға душар болды ма? Осыны анықтау үшін біз криминалист, психолог және блогермен (жанрдың жанкүйері) тру крайм феномені туралы әңгімелестік.

Тарихы мен статистикасы

Ағылшын тілінен тікелей аударғанда «тру крайм» – «нағыз қылмыс». Бұл – тамыры 400 жылдан астам уақытқа кететін шынайы қылмыстарды баяндайтын жартылай деректі журналистика жанры. Алғашқы кезде қанды оқиғалар өлең жолдарымен жазылған парақшалар түрінде пайда болып, қарапайым халық арасында кеңінен таралған. Уақыт өте келе, XVIII–XIX ғасырларда Британияда ерекше танымал болған «Ньюгейт күнтізбесі» қылмыстық хикаялар жинағы  сынды байыпты еңбектер де жарық көре бастады. XIX ғасырда АҚШ-та «Америка Құрама Штаттарындағы қылмыстардың тізімі» мен «Американың атақты қылмыстық істері» (1910) атты басылымдар шығып тұратын. Жазушы Трумэн Капоте өзінің «Суыққандылықпен өлтіру» (1966) кітабы арқылы тру крайм жанрына үлкен әдебиетке жолдама берді, алайда деректі жанрдың негізгі қағидасына қайшы келетін көркемдік әсірелеу дәстүрін қалыптастырды.

Тру крайм сериалдарының шығуы кісі өлтірушілер туралы оқиғалардың танымалдығын арттырды. Мәселен, Менендес ағайындылары туралы түсірілген «Менендестердің кісі өлтіруі: Эрик барлығын айтады» (2017) шағын сериалы және Райан Мерфи мен Иэн Бреннанның («Нетфликс», 2024) «Монстрлар» атты антологиялық сериалының «Монстрлар: Лайл мен Эрик Менендестің тарихы» деп аталатын екінші маусымы көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ағайындылардың халық арасындағы танымалдығы олардың адвокаттарына істі қайта қарау туралы сотқа өтініш беруге мүмкіндік берді. Бұл шағын сериалдың алғашқы маусымы Джеффри Дамерге арналған болатын. Ол «Монстр: Джеффри Дамердің тарихы» (2022) деп аталды.

2022 жылы YouGov зерттеу компаниясының жүргізген ауқымды сауалнамасы көрсеткендей, америкалық респонденттердің басым бөлігі тру крайм жанры адамдардың жанашырлығын оятып, әділ сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының қызметі туралы білімдерін кеңейтуге септігін тигізеді деп санайды. Дегенмен бұл жанрға қатысты сын пікірлер де айтылды: зорлық-зомбылық оқиғаларын сенсациялап көрсету, оған деген сезімділіктің жұқаруы, марқұмдар мен олардың жақындарын пайдалану, тіпті ең төмен деңгейде мұндай форматтың біржақтылығы мен дәлсіздігі сынға алынды. Қызықты факт: әйелдер қауымы тру краймға ерлерге қарағанда едәуір қызығушылық танытып, оны өздерінің сүйікті жанры ретінде екі есе жиі атап өткен. Біз сауалнама нәтижелеріне белгілі бір дәрежеде күмәнмен қарай отырып, мәселенің анық-қанығына жету үшін тікелей сарапшылармен пікірлесуді ұйғардық.

Tatler Asia
IMAGE Getty Images

Самат Дулатов, криминалист (аты-жөні кейіпкердің өтініші бойынша өзгертілді)

Мен тру крайм көрмеймін, себебі менің жұмысымның өзі – тру крайм. Мұндай жұмыс күнделікті психологиялық дайындықты қажет етеді. Қайтыс болған адамның денесін зерттеу, суретке түсіру процесі, құрбанның туыстарымен сөйлесу – мұның бәрі психикаға орасан зор салмақ түсіреді. Сондықтан жұмыстан тыс уақытта басқа істермен айналысуға тырысамын. Қарапайым адам детективтік оқиғаны өз ой-қиялының аясында ғана қабылдайды, ал бұл көптеген маңызды жайттардың назардан тыс қалуына әкеп соғады. Сарапшылар үшін қылмыс орны басқаша көрінеді, дәлелдер көзге бірден түседі. Мысалы, қылмыскердің ДНҚ-сы тіпті кездейсоқ тасталған темекі тұқылында да сақталып қалуы мүмкін. 

Тру крайм – бұл тұрғыда жаңа және аз зерттелген сала, сондықтан да онда интрига өте көп. Көрермендер көріп отырып сұрақтар қояды, мотивтерді түсінуге тырысады, құрбанның жеке өмірінің ерекшеліктерін білгісі келеді. Менің ойымша, әсерленгіш адамдарға, мысалы, жасөспірімдерге мұндай нәрселерге қатты қызығудың қажеті жоқ. Мұндай жағдайлар олардың психикасына кері әсер етуі мүмкін. Олар негізсіз түрде барлығынан қорқа бастауы мүмкін немесе, одан да жаманы, қылмыскерге еліктеуі мүмкін. Тіпті ересектер де мұны көріп отырып, басқа адамға зиян келтіру қандай екен деп ойлап қалуы мүмкін. Ал қылмыскерлерді алсақ, олар өздері үшін қаншама нәрсе үйренуі мүмкін: жазадан қалай құтылу, дәлелдерді қалай жасыру керек дегендей.

Tatler Asia
IMAGE Getty Images

Гүлнұр Жексембаева, PhD, психолог

Егер сіз мазасыз болсаңыз, барлығын өзіңізге қабылдайтын болсаңыз, онда тру крайм көру психикаңызға теріс әсер етуі мүмкін, тіпті ең ауыр жағдайларда (депрессия немесе психоздық күйлерде) психиканың бұзылуына дейін апаруы ықтимал. Мұндайды тұрақты психикасы бар және өзін-өзі дамыту мақсатындағы адамдарға көрген дұрыс. Мен ақпаратты соншалықты сауатты әрі түсінікті етіп ұсынатын көптеген YouTube арналарын білемін, соның арқасында сіз юриспруденция мен адам табиғаты туралы біліміңізді кеңейте аласыз. Бұл криминалистер мен криминалдық психологтерге пайдалы болуы мүмкін.

Жеке өзім тру краймнан қатты романтизацияны кездестірмедім. Бірақ адамдар, қалай болғанда да, тәуелсіз ақпараттарды оқи отырып, қылмыскерлерге жанашырлық танытады. Жанашырлық бізді жануарлардан ерекшелендіреді және біз әрқашан басқа адамды ақтаудың жолдарын табамыз. Екінші жағынан, адамдарды қылмыскерлердің тұлғасы қызықтырады. Көптеген психопаттар мен кісі өлтірушілер керемет харизматикалық және тартымды болып келеді. Мысалы, Тед Бандиге, тіпті барлық қылмыстарды мойындауынан кейін де, ондаған әйел хат жазып, онымен әртүрлі жолдармен байланысуға тырысты. Бізді әрқашан тұлғаның қараңғы жағы тартады. Бұл Филип Зимбардоның Стэнфордтық түрме эксперименті деп аталатын тәжірибесімен расталады.

Біздің миымыз оқиғаларды қабылдауға құмар, бірақ бұл үшін қорқыныш пен мазасыздыққа жауап беретін мидың амигдала атты бөлігі тыныштықта болуы шарт. Тру крайм – өзіңізді сергітіп, адам табиғаты туралы түсінікті кеңейтудің әмбебап құралы. Маньяктың кім екенін түсіну үшін міндетті түрде оның құрбаны болудың қажеті жоқ.

Tatler Asia
IMAGE Getty Images

Бекзат Бекетов, блогер

Тру краймға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында оянғанымен, бұл әуестігімнің нақты атауы бар екенін кейін білдім. Мектебіміздің жанындағы кітапханадан үрейлі детектив хикаяларды оқуды ұнататынмын. Мәселен, «Арбаулы ит» пен «Жұмбақ үшемдер» секілді. Әрқашан оқиғаның күтпеген соңы қызықтыратын, бәлкім, бұл өткір сезімдерге деген құмарымның бастауы болған шығар. Қазіргі таңда сүйікті YouTube арналарым – «Мистика» мен «Агата Кристи».

Кеңес дәуіріндегі сериялық кісі өлтіруші әрі каннибал Николай Джумагалиевтің қасіретті тарихы есімнен ешқашан кетпейтін шығар. Ол Алматы облысында әйелдерді жазым етіп, олардың етін жеген. Оны психиатриялық клиникаға мәжбүрлі емделуге жіберді, қазір де сол жерде ем қабылдайды. Мен өзімді уайымшыл адам деп санаймын, бірақ тру краймның маған қандай да бір әсері бар деп есептемеймін. Дегенмен жергілікті маньяктар туралы түсірілген «5:32» сериалын көруге батылым жетпеді. Ондағы қатыгездік, денені мүшелеу көріністері мен қан тіпті мен үшін тым ауыр.

Қазіргі заманның адамдарын ешнәрсемен таңқалдыра алмайсың. Тіпті құрбандарды тұрғын үйдің жертөлесінде жеген қанішер маньяк та бізді селт еткізбейді. Бәріміз бірауыздан «бұл қорқынышты жағдай» деп айтамыз да, өзімізді жақсы қырымыздан көрсетуге тырысамыз. Дегенмен тру крайм көруді, Саша Сулимді тыңдауды және Луиджи Манджонені ақтауды қоймаймыз. Бәлкім, бұл қазіргі дүниенің тұнықсыздығындағы өткір сезімдерге деген құмарлықты басудың бір ғана амалы шығар. Әлде рухани күйіміздің шынымен де нашар болғаны...

Темы