Saint Laurent сән үйі соңғы алты жыл бойы кино өндірісімен айналысып келеді. Saint Laurent Productions-тың тарихын хронологиялық ретпен баяндаймыз.
Saint Laurent — кинематографияны басты бағыттарының біріне айналдырған алғашқы сән үйі. 2019 жылы құрылған студия бірден танымал режиссерлермен, актерлермен және креативті индустрия өкілдерімен жұмыс істей бастады. Биылға дейін Saint Laurent Productions он фильм түсіріп үлгерді. Оның ішінде «Үздік фильм» (комедия немесе мюзикл) және «Үздік шетелдік фильм» номинациялары бойынша «Алтын глобус» жүлдесіне ие болған «Эмилия Перес» те бар. Осы және Saint Laurent Productions өндірген басқа да фильмдер туралы әңгімелейміз.
Ив Сен-Лоран және оның кино әлеміндегі рөлі
Кино өндірісіне кірісу идеясы Saint Laurent сән үйінің креативті директоры Энтони Ваккареллоға тиесілі. Сән мен кино әрдайым қатар жүреді емес пе? Әсіресе Парижде. Әсіресе Saint Laurent-да. Француз модельері Ив Сен-Лоран киноға 1963 жылы келді. The Pink Panther фильміне костюм жөніндегі шебер ретінде атсалысқан болатын. Әрине, көрерменнің назары тек Клаудия Кардинале сомдаған образдарда болды.


Үш жылдан кейін дизайнер өзінің музасы әрі адал досы Катрин Деневпен танысады. Осылайша ол Belle de Jour, Heartbeat және Mississippi Mermaid фильмдеріне арнап костюм ойлап таба бастайды. Сен-Лоран актрисаның тартымды болмысын нәзік әрі жабық киім үлгілерімен айқындай түсті.