Tatler Kazakhstan-ның SMM маманы Рамита Сүлейменова Сеулдегі Christian Dior: Designer of Dreams көрмесіне барды. Экспонаттар туралы әңгімелеп, қайсысы ерекше ұнағанын айтамыз
Сеулдегі Dongdaemun Design Plaza-да Christian Dior: Designer of Dreams көрмесі өтіп жатыр. Флоренс Мюллер басқарған көрме 13 шілдеге дейін жалғасады. Dior-дың бұл шарасынан қапы қалу – мен үшін үлкен күнә. Сондықтан да көрменің Кореяға келетінін оның Токиода болып жатқан кезінен бастап білдім. Мұндай ауқымды шаралардың Шығыс Азия астаналарын бір-бірлеп аралап шығатын әдеті бар.
Гальяноның Dior үйіндегі еңбегіне бакалавриат кезінен қызығамын. Көрмеде Кристиан Диормен қатар Ив Сен-Лоран, Марк Боан, Раф Симонс, Джон Гальяно, Мария Грация Кьюри сынды шеберлердің туындылары ұсынылған. Культтік сипатқа ие болған J'adore Dior және Miss Dior әтірлерін әзірлеу процесі де көрсетілген. 1950-1960-шы жылдардағы еңбектер арасынан Алла Ильчунның проекциясын кездестіріп, Диана ханшайымның 1997 жылғы Met Gala-ға киген көйлегін, сондай-ақ әйнекпен жабылған We Should All Be Feminists футболкасын көруге болады.
Көрмеде Хенджу Ким, Су Санни Парк және Зади Ха сынды кореялық суретшілермен бірлесе отырып әзірленген архивтік еңбектер ұсынылған. Бұл – сән үйі мен Корея мәдениеті арасындағы байланыстың нышаны. Сонымен қатар Корея арт сахнасы қайраткерлері Dior Lady Art және Lady Dior As Seen By жобасы аясында Lady Dior сөмкесінің кастомдалған нұсқаларын көрсетті. Алайда маған бәрібір Saddle Bag көбірек ұнайды.


Залдардың дизайны – бөлек әңгіме. Әрбір екінші келушінің «мәссағанына» OMA студиясынан шыққан Сехэи Сигематсу жауапты. Үш бөлімді атап көрсете аламын. Төбесіне түсіп жатқан жапырақ проекциясы салынған гүлге ұқсас металл орындығы бар қағаз түстес шар тәріздес зал, образдары мен аксессуарлары түсіне қарай сұрыпталған зал және алдамшы ақ матадан тігілген киім прототиптері бар зал. Айналары бар үшінші залда шексіз лабиринтке кіргендей боласың.