Саяхатшы Диана Башаевамен әңгімелесіп, оның Маңғыстауға жасаған төрт күндік туры жайлы сұрастырдық
«Төрт күн бойы сыртқы әлеммен байланыссыз, жуынатын бөлме мен төсексіз өткізсем де, миллиондаған жылдар бойы қалыптасқан ғарышқа тән пейзаждарды көруге деген зор ынтам болды. Маңғыстау – өзге бір ғаламшарда жүргендей әсер қалдыратын жартастары, сиқырлы орындар мен ұмытылмас сәттерге бай өңір. Мұнда теңіз де, шөл де, тіпті Құс жолы да бар», – дейді кейіпкеріміз Диана Башаева. Маңғыстауға төрт күндік джип-турға шыққан ол бізге саяхаты туралы егжей-тегжей баяндады:
Фишбармақ
Ақтауға ұшу Делиге барғанмен бірдей, үш сағаттан астам уақытты алады. Ұшақ билеті 89 мың теңгеге болды. Сапар сәтті аяқталды, дегенмен ұшақта тамақ бермегені қынжылтты. Турдың өзі бас-аяғы төрт күнге 180 мың теңге болды. Мен Ақтауға джип-тур басталмай тұрып, бір күн бұрын ерте келдім. Асықпай ұйықтап, қаланы аралап, саяхат алдында ойымды жинақтағым келді. Адамдардан да, қаладан да, тіпті турдың өзінен де ерекше ештеңе күтпедім.
Әуежайға қонған соң, бізді таксистер күтіп алды. Қалаға екі адамға 3 мың теңгеге жетуге келістік, меніңше, бағасы өте қолайлы. Таксистердің бірі бізге құлақ аспастан, серігімнің чемоданын жұлып алып, шағын автобустың жүксалғышына лақтыра салды. «Қазір тағы үш жолаушы жинап, сосын кетеміз» деген әңгіме басталатынын бірден түсіндік. Оған дереу ескерттік: бізді бірінші жеткізуі керек, өйткені турдың басқа қатысушыларымен «Айдын» мейрамханасында кездесуіміз бар (ол жерде таңғажайып фишбармақ, яғни балықтан жасалған бешбармақ береді екен). Сақалы сапсиған, көз жанары қаһарлы таксист бізге мән бермеді. «Біз қазір кетуіміз керек. Өтінеміз, чемоданды қайтарып беріңізші», – деп түсіндіруге тырыстық. Ашуланған таксист: «Тез ал чемоданыңды, әйтпесе басыңды жарам (жүк салғыштың есігімен)», – деп айқайлап жіберді.
Нәтижесінде біз басқа жүргізушімен жолға шықтық. Ол да бізді аса тыңдамады. Заттарымызды жүксалғышқа тастап, кішкентай седанын толтыру үшін жолсерік іздеуге кетті. Жолаушысыз оралған ол әзілдеп: «Намаз уақыты болды. Бес-жеті минут күте тұрасыздар ма? Мен тез, машинаның жанында намаз оқып алайын, жарай ма?» – деді. Әрине, біз қарсы болмадық.
40 минуттан соң, біз ақыры мейрамханаға жеттік. Мұнда фишбармақ жеп отырып, турдың басқа қатысушыларымен таныстық. Фишбармақты Каспий бекіресінен дайындайды екен. Қызыл еттен айырмашылығы сол, асқазанға салмақ түсірмейді. Бес адамға арналған үлкен порцияға біз 38 мың теңге төледік.



