Неліктен «Қазақстан туризмінің әлеуеті зор!» деген сөзден сынған душ пен істемейтін Wi-Fi-дың иісі шығады?
«Қазақстан туризмінің әлеуеті зор!» деген сөз жауыр болған әуенге айналды. Оны баспасөз мәслихаттарынан бастап, достарыңмен кешкі ас ішіп отырғанға дейін, ішкі туризм туралы сөз бола қалса, кез келген жерден естуге болады. Бұл сөздің өзінен бірдеңе өнетіндей зор ынтамен айтылады. Бірақ іс жүзінде одан ештеңе өнбейді. Шындығын айту керек, Қазақстанның табиғаты көз тоймайтындай сұлу. Бірақ біз сол сұлулықтың қадірін білмейтін сияқтымыз. Оған адамға қажетті қарапайым жағдайды жасауға келгенде, үнемі сараңдық танытамыз.
Жақында бір танысым романтикалық демалыс өткізу үшін сүйіктісімен бірге жергілікті табиғат аясына баруды шешіпті. Олар әдеттегідей Бурабайға емес, өздері үшін беймәлім Шығыс Қазақстанға баруды жоспарлаған. Бірақ бұл идеяны жүзеге асыру қиын болып шықты. Себебі көрінісі Швейцария Альпілерінен кем түспейтін жерде тоқтайтын орын жоқ. Ал егер ондай орын табылса да, ондағы жайлылықтың атымен жоқ екенін көресің.
Бұл, бір қарағанда, күлкілі көрінгенімен, шындық. Біздің табиғатымыз шынымен де керемет. Мұнда тау жоталары, ежелгі ормандар, тұзды көлдер және, әрине, таң атқанда Марстан айнымайтын кадрлар түсіруге болатын Маңғыстаудың ғарыштық пейзаждары бар. Бірақ шындық мынада: туризм табиғат туралы емес, жайлылық туралы.

Мен шатырда түнейтін адам емеспін. Мен – жайлылықты, кондиционерді, ортопедиялық матрас пен ыстық шайды жақсы көретін адаммын. Жел соққан шатырда түнейтін батыл жандарға шын жүректен таңғаламын. Бірақ мұндай туристер – азшылық. Тіпті Instagram-ға savage beauty деп сурет салатындардың көпшілігі кейін жылы суы мен круассандары бар қонақүйге жеңілдеп бір-ақ оралады.