The I.C.E. St. Moritz – әлемдегі ең таңдаулы автокөліктер жиналатын бірегей іс-шара
Бүгін Швейцариядағы Альпі тауларында орналасқан Санкт-Морицтің мұз қатқан көлінде жыл сайынғы THE I.C.E. St. Moritz автокөлік фестивалі басталды. Бұл – көлік әлемінің әуесқойлары, классика жанкүйерлері мен коллекционерлер үшін нағыз мереке. Биыл іс-шара 21-22 ақпан аралығында өтеді. THE I.C.E. атауы International Concours of Elegance («Халықаралық кербездік конкурсы») деген мағынаны білдіреді. Екі күнге созылатын іс-шара аясында автокөрмелер, шоулар және мұз үстінде жарыстар ұйымдастырылады.
2025 жылы фестиваль бес санат бойынша өтеді: Barchettas on the Lake – классикалық родстерлер (үсті ашық екі адамдық спорткарлар), Open Wheels – аты аңызға айналған жарыс көліктері, Concept Cars & One Offs – бірегей прототиптер, Icons on Wheels – өз дәуірінің культтік модельдері, Racing Legends – әйгілі жарыс көліктері. Өткен жылдардағы жеңімпаздарды іс-шараның ресми сайтындағы Даңқ залынан көруге болады. Best in Show атағына лайық деп танылған ең үздік көліктің иесі әйгілі британдық сәулетші Норман Фостер әзірлеген күміс трофеймен марапатталады.



