IMAGE Павел Дуров Digital Bridge 2025 форумында

Елордамызда өткен халықаралық форум технология әлемін дүр сілкіндірді: alem.ai орталығы ашылып, Президент төрағалығымен Жасанды интеллект кеңесі құрылды

Төртінші қазанда Астанадағы EXPO халықаралық көрме орталығы нағыз технологиялық у-шудың ортасына айналды. Digital Bridge 2025 форумының павильондарында ине шаншар жер болмады: демо-аймақтар, қызу пікірталастар, сахналарға ағылған толассыз адам. Стартап негізін қалаушылардан бастап, инвесторлар, ғалымдар мен мемлекеттік орган өкілдеріне дейін – барлығы қолданбалы ЖИ мәселелерін талқылап, тәжірибе алмасып, болашаққа жаңа серіктестер іздеумен болды.

Форумның ауқымы да ерекше еді: 20 мыңнан астам билет белсендіріліп, келушілер саны 60 мыңнан асқан болатын. Жалпы алғанда 120-дан астам сессия ұйымдастырылып, онда мемлекеттік қызметтер, білім беру, медицина, мәдениет, ойындар, жасыл технологиялар, биометрия, инвестициялар сияқты маңызды салалар талқыға түсті. Күн тәртібіндегі басты сауал айқын болды: жасанды интеллект біздің күнделікті өмірімізді бүгін қалай өзгертуде және оның нақты пайдасы қайда?

Tatler Asia

Форумның басты оқиғасы –Астанада іске қосылған alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығы болды. Бұл – білім беру, зерттеулер мен стартаптарға арналған біртұтас кеңістік. Онда дәрістер мен кездесулерге арналған ашық аймақ, жастарға арналған Tomorrow School және TUMO, командаларға арналған менторлары бар кампус, нақты деректермен жұмыс істейтін зертханалар және мемлекеттік органдармен пилоттық жобаларға арналған AI-driven Government алаңы бар. Орталықтың мақсаты зор: жыл сайын он мыңға жуық таланттың басын қосып, мың маманды оқытып, жүздеген стартапқа жол ашып, оннан кем емес ірі зерттеу жүргізу.

Форум аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жасанды интеллектіні дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтіп, мемлекеттің бұл салаға ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетті. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі құрылып, ЖИ зерттеу университетін ашуға дайындық жүріп жатыр. «Басты мақсат – ЖИ-ді экономиканың барлық саласына енгізетін білікті мамандарды даярлау. Талантты жастар әлемдік деңгейдегі білімді өз елінде алуға мүмкіндігі болуы керек», – деп атап өтті Президент.

Tatler Asia
IMAGE Digital Bridge 2025

Форумның басты сахналары нағыз ой-пікір майданына айналды. Венгрия Президенті Тамаш Шуйоктың қатысуымен өткен ашылу салтанатында  Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев нақты іске көшуге басымдық берілетінін атап өтті. Омар Әл-Олама, Питер Норвиг, Павел Дуров және басқа да сарапшылар сөз сөйледі. Кай-Фу Ли ЖИ дамуының үш бағытын көрсетіп, бизнес пен мемлекеттің жауапкершілігін еске салды. Михаил Ломтадзе ЖИ-ді нақты пайдасымен бағалауға шақырды – тек нақты мәселелерді шешетін жобалар ғана өміршең болады. Чанпэн Чжао Қазақстанның блокчейн-экожүйесінің жылдам дамып келе жатқанын атап өтіп, кәсіпкерлерге жобаларды Астанадан бастауды ұсынды.

Tatler Asia
IMAGE Digital Bridge 2025

Digital Bridge: Generative Nation қорытынды сессиясы нақты нәтиже көрсеткен жобаларды марапаттаумен аяқталды. Олардың қатарында 60 миллионнан астам жүктеуі бар Grand Mobile ойыны, Higgsfield AI видео жасау сервисі, CodiPlay мектеп-экожүйесі, Documentolog, DigitalBusiness.kz техмедиалары және LifeSignal сервисі бар. Жеңімпаздар қатары ойын-сауық пен білім беруден бастап, мемлекеттік қызмет пен қауіпсіздікке дейінгі бүгінгі өмірдің барлық саласын қамтыды.

Мұндай ауқымды шараның өтуіне Қазақстанның ірі компанияларының қолдауы мұрындық болды. Форумның бас серіктесі – Freedom Bank Kazakhstan. Жобаға сондай-ақ Kaspi.kz, Yandex Qazaqstan, «Қазақтелеком», «Транстелеком», BI Group, «Бәйтерек», Еуразиялық банк, Ozon, «Теңізшевройл» және инновациялық серіктес ретінде inDrive қосылды.

arrow left arrow left
arrow right arrow right
Фото 1 из 6
Фото 2 из 6
Фото 3 из 6
Фото 4 из 6
Фото 5 из 6
Фото 6 из 6

Темы