Софи – бұл Primark Adaptive инклюзивті топтамасын қолдау үшін жасалған, мүгедектер арбасында отырған алғашқы манекен
Ирландиялық Primark киім брендінің дүкендерінде мүгедектер арбасында отырған адамдарды бейнелейтін манекендер пайда болмақ. Софи деп аталатын отырған кейіптегі манекен Ұлыбритания, Ирландия, АҚШ және Еуропаның алты еліндегі 22 флагмандық Primark дүкенінде қойылады. Негізі, бұл жоба 2024 жылы Primark жариялаған үлкен бастаманың бір бөлігі. Ол бастаманың мақсаты – сән мен күнделікті тауарларды баршаға қолжетімді ету және дүкендерді сатып алушылар мен қызметкерлер үшін анағұрлым инклюзивті ортаға айналдыру еді. Бұл манекенді жасауға британдық тележүргізуші әрі мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғайтын белсенді Софи Морганның өзі атсалысқан. Бұл жобаны әзірлеуге 12 ай уақыт кеткен.
«Мен бұл жобаның жүзеге асуын 15 жылдан астам уақыт күттім. Ірі дүкендер желісінен өзіме ұқсайтын манекенді көру – жүрек тебірентерлік сәт. Софи – жай ғана манекен емес. Ол – прогрестің және біз сияқты адамдардың қоғамда бар екенін мойындаудың символы», – деп бөлісті Морган.
Бұл манекендер Primark Adaptive атты жаңа топтаманы қолдау мақсатында жасалған. Primark Adaptive – бұл барлық адамдарға, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға да арналған алғашқы жаппай базалық киімдер желісі. Барлық модельдер отырған қалыпта киюге ыңғайлы етіп бейімделген. Олардың ерекшеліктерінің қатарында магнитті сыдырмалар, түймелер, белдіктегі ілмектер және медициналық құрылғыларға арналған жасырын саңылаулар бар.
