IMAGE Сэм Альтман мен Джони Айв | openai.com

OpenAI Apple-дің бұрынғы дизайнерінің io компаниясын сатып алып, жасанды интеллект әлеміне жаңа серпіліс әкелгелі тұр

OpenAI бас директоры Сэм Альтман мен Apple-дің бұрынғы бас дизайнері Джони Айв жасанды интеллекті бар жаңа буын компьютерлерін жасау үшін күш біріктірді. Бұл ауқымды жобаны іске асыру мақсатында OpenAI Айв негізін қалаған io компаниясын шамамен 6,5 миллиард долларға сатып алды.

Apple-ден кеткеннен кейін Айв суретшілер, инженерлер, музыканттар, сәулетшілер, режиссерлер және басқа да шығармашыл мамандарды біріктіретін LoveFrom атты креативті бірлестік құрды. Екі жыл бойы бұл ұжым Альтманмен және OpenAI командасымен тығыз жұмыс істеп, көпшілік назарынан тыс қалып отырды. Армандар асқақтап, даму тоқтамаған соң, Джони Айв Apple-дің бұрынғы инженерлерімен бірге io компаниясының іргетасын қалады. Енді OpenAI-мен біріккен io жаңа өнімдерді әзірлеуге күш салса, LoveFrom командасы олардың дизайны мен креативті концепцияға жауап беретін болады.

«Технологияны қолдану туралы түсінігіміз түбегейлі өзгеруі мүмкін. 30 жыл бұрын Apple компьютерін алғаш рет пайдаланғанда бастан өткерген қуаныш, таңырқау және шығармашылық рухты қайта оятамыз деп үміттенемін», – деп бөлісті Альтман.