Ескі телефондарға жаңа леп берген Оңтүстік Корея тренді туралы баяндаймыз
Дүние дүрбелең, техникалар көз ілеспес жылдамдықпен дамыған заманда Оңтүстік Кореяда күтпеген тренд – ескіге құмарлық. Бұл – Youngtro деп аталатын жаңа ағым. Атауы ағылшынның «young» («жас») және «retro» («ретро») сөздерінен құралған бұл трендті ұстанған жастар – миллениалдар мен зумерлер ескі телефон үлгілеріне бет бұрып келеді.
TheKoreaTimes басылымының хабарлауынша, кейінгі буынның винтаж суреттерге деген құмарлығын оятқан ерекше трендке ілескен жастардың бәрі қос-қостан телефон ұстап жүрген көрінеді: бірі – күнделікті істерге арналған заманауи смартфон, екіншісі – сурет түсіруге арналған ескі үлгідегі телефон. Сауалнамаға қатысушылар: «Стив Джобс заманында шыққан ескі iPhone-дардың сыртқы дизайны қазіргі жаңа телефондардан әлдеқайда тартымды. Сонымен қатар ескі iPhone-ға түсірілген суреттердің түстері де ерекше, қайталанбас болып шығады», – деп жарыса мақтап жатыр.
@miucho_23 iPhone 6 алғаныма өте қуаныштымын 💗💗 #iphone6💗 #tipschupanh #xuhuong #вирус #сіздерге ♬ Менің сүйіктім - 7th - Celebrity😘
Тарихқа қысқаша көз жүгіртейік. 2007 жылы Стив Джобс әлемге тұңғыш iPhone-ды таныстырғанда оның 2 мегапиксельді камерасы нағыз төңкеріс жасап, мобильді фотографияның жаңа дәуіріне қадам бастырды. Әрине, камерасы бар телефондар бұған дейін де шығып жатқан, атап айтқанда, жапондық Kyocera және Sharp, сондай-ақ корейлік Samsung компаниялары камералы телефондар өндірісімен айналысқан. Алайда ол кездегі мобильді суреттер түйіршіктеніп тұратын, түсі де үйлесімсіз, тым қанық болатын, баптау мүмкіндіктері шектеулі. Міне, бүгінде дәл сол ескінің сарыны, винтаж деген атаумен қайта жаңғырып, жастардың жүрегін жаулап жатыр.
Көктем де келіп қалды. Ескіліктің лебін сезінгіңіз келсе, ретроға құмар жан болсаңыз, ескі телефондарыңыз бен винтаж камераларыңызды сайлап, трендке ілесіңіздер! Ал көктемді қай жерде қарсы алып, алғашқы суреттерді ескі iPhone-ға қалай түсіруге болатыны туралы мәлімет мына сілтемеде.