IMAGE Getty Images

Билл Гейтстің кіші қызы Фибидің жаңа Phia сән стартапы туралы баяндаймыз

Бай адамдар үнемдей білгендіктен бай болады. Бұл теорияны Билл Гейтстің кіші қызы Фиби растап жатыр. Ол Стэнфордтағы құрбысы Софиямен бірлесіп Phia стартапын құрды. Бұл – киім мен заттарды тиімді бағамен іздеу құралы. Фиби небәрі 22 жаста, ал оның жатақханадағы көршісі 23-те. Біріншісі барлық жетістігі үшін әйгілі әкесіне қарыздар екенін жоққа шығармайды. «Дегенмен біз дүкен сайттарындағы ең қолайлы бағаларды іздестірумен айналысамыз», – дейді жас кәсіпкер қыз қарапайым болып көрінгісі келіп.

Фибидің әкесінен қаржылай көмек алмағанын ерекше атап өткен жөн. Оның тәлімгерлері мен инвесторларының қатарында Кардашьян отбасының «мамаджері» Крис Дженнер, Spanx компаниясының негізін қалаушы Сара Блэйкли және қаржы технологиялары саласының жетекшісі Джоан Брэдфорд сынды танымал тұлғалар бар. Олардан 500 мың доллар көлемінде инвестиция тартылды. Сонымен қатар Soma Capital инвестициялық қорынан 100 мың доллар және Стэнфорд университетінің әлеуметтік кәсіпкерлік бағдарламасынан 250 мың доллар алынды.

Медиа кеңістігінде танымал болу үшін қыздар The Burnouts атты подкаст жүргізе бастады. Онда олар жиырма жастағы екі дос қыздың жұмыс пен өмірдегі қарым-қатынасы туралы әңгімелеседі. The Burnouts – подкастер Алекс Купердің жаңа жобасы. Оның Call Her Daddy атты шоуын үш миллионға жуық адам тамашалайды, ал бағдарлама қонақтары ретінде әрдайым жұлдыздар келеді. Мысалы, соңғы шығарылымға актер Пенн Бэджли қатысты. Бұл оның басты рөлін сомдаған «You» сериалының соңғы маусымына жасалған жарнамалық науқанның бір бөлігі еді.

Софиямен танысқанға дейін Фибидің киім үлгісі «мүлдем нашар» еді. Ол көбінесе Forever 21 мен Shein сияқты брендтерден киінетін. «Нашар» деп ол масс-маркет киімдерін меңзейді. Софияның «О, жоқ» деген қысқа қайырымы оның стилін өзгертуге түрткі болды. Гейтстің қызы қазір қымбат брендтерден киінгенімен, оларды секонд-хенд дүкендерінен сатып алады. Осылайша ол «бір оқпен үш қоян атты»: ақшасын үнемдеп, тұрақты сән индустриясын қолдайды әрі винтаж трендінен қалыспайды. Барлық адамның киімдерді арзанырақ сатып алғысы келетінін түсінген қыздар осы идеяны дамытып, Phia стартапын құрды. Олар жұрттың қажеттілігін дәл тапты деп айтсақ болады.