IMAGE Instagram @atptour

Қазақстандық теннисші Александр Бублик жазғы еуропалық тур аясында өткен ATP 250 турнирінде жеңіске жетті

Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликтің жүлделер топтамасы тағы бір жеңіспен толықты – ол Швейцарияның Гштаад қаласында өткен ATP 250 турнирінде жеңімпаз атанды. Бұл – оның қызыл топырақты корттағы алғашқы титулы. Финалда Александр Бублик Хуан Мануэль Серундоломен кездесіп, аргентиналық спортшыны екі сетте жеңді.

«Ең алдымен, Хуан, кортта жаңа айтқанымдай – бұл теннис емес, нағыз азап болды», – деп әзілдеді Бублик марапаттау рәсімінде. «Мен ұлы теннисшілермен ойнадым, бірақ бұл финал менің мансабымдағы ең қиын кездесулердің бірі ретінде есімде қалады», – деп қосты қазақстандық теннисші.

Гштаадтағы жеңіс Бублик үшін мансабындағы алтыншы жеңіс болды және оның жазғы сәтті ойындар сериясын жалғастырды. Осы жеңістің арқасында қазақстандық спортшы ATP рейтингінің Топ-30 қатарына оралады. Естеріңізге сала кетейік, маусым айында Александр Бублик Германияның Галле қаласында өткен ATP 500 турнирінде жеңімпаз атанған болатын.