Эддисон Рэй феноменіне тереңірек үңілеміз
Эддисон Рэй үлкен өзгерістердің бел ортасында. 6 маусымда оның жаңа альбомының жарық көруі бір дәуірдің аяқталып, жаңа кезеңнің басталғанын айғақтады. Әншінің өзі бұл туралы: «Мен «Эддисон Рэй» деген аттан өсіп кеттім», – деп қысқа қайырды. Бұдан былай ол сахнаға тек «Эддисон» есімімен шықпақ. Олай болса, әншінің қызыққа толы ғұмыр жолына бір көз жүгіртейік.
Оның өмірі – нағыз «америкалық арманның» көрінісі. Осыдан небәрі алты жыл бұрын Эддисонның болашағы бұлыңғыр еді. Университеттің би командасына іріктеуден өте алмай, стипендиясынан қағылды. Ата-анасы шығынды азайту үшін кампусқа жақынырақ көшкенімен, қаржылық қиындықтар сейілмеді. Осы кезде Эддисон Голливудқа жол ашады деп үміттенген журналистиканы тастап, табысы тұрақты стоматология мамандығын таңдауға бел буады. Алайда оқу оның жанына батты. «Өзіме қызық емес тақырыпта жазу – нағыз азап», – деп еске алады ол.
Дәл сол кездері оның TikTok-тағы парақшасы көз ілеспес жылдамдықпен танымал бола бастады. Мұны байқаған университет кураторы оған: «Университет ешқайда қашпайды, ал мына мүмкіндікті қалт жіберме», – деп ақыл қосқан. Эддисон бұл кеңеске құлақ асып, оқуын тастайды да, желіде танысқан досымен бірге Лос-Анджелеске аттанады. Сол жақта ол атақты Hype House тиктокерлер тобына қосылып, көп ұзамай талант агенттігімен келісімшарт жасасып, ірі демеушілермен жұмыс істей бастайды. Бұл кезеңді ол кейіннен «Труман шоуына» теңейді. Жаңа қаладағы өмір оны бірден есейткенін мойындайды. Көп ұзамай қызының соңынан ата-анасы да Лос-Анджелеске көшіп келіп, олар да әлеуметтік желіні жүргізе бастайды. Алайда отбасылық идиллия ұзаққа созылмады: ата-анасы қайтадан ажырасып кетті. Эддисон өзінің танымалдығы олардың онсыз да күрделі қарым-қатынасын ушықтырып жіберді деп санайды.
@thehypehouse Best mother daughter dancers on Tik Tok @addisonre @sherinicolee ♬ Sunday Best by Surfaces - rapidsongs
Әрине, жетістікке жету жолы оңай болған жоқ. Эддисонға сын-ескертпе қарша борап, талантын кемсітушілер көп болды, келеке-мазаққа да жиі ұшырайтын. Әсіресе 2021 жылы Кортни Кардашьянмен жақын достығы қызу талқыға түсті. Ким Кардашьян жұрт алдында: «Біз Эддисонға тиісіп жатқан жоқпыз, керісінше оны жақсы көреміз», – дегенімен, шын мәнінде жағдай басқаша еді. Атақты Кардашьяндар әулеті Кортнидің Луизианадан келген жас чирлидерге неліктен соншалықты үйірсек болғанын түсіне алмаған тәрізді. Эддисон тіпті «Кардашьяндар отбасы» шоуына да қатысқан. Ол жерде оны ашықтан-ашық ыңғайсыз жағдайға қалдырып, Кортни туралы сұрақтардың астына алып, жас айырмашылығына (сол кезде Кортни 46-да, Эддисон 24-те еді – Tatler) және олардың арасында романтикалық байланыс болуы мүмкін екеніне тұспалдаған. Әсіресе сол кездесуге Кортнидің өзі келмей қалғаны Эддисонның көңіліне тиген. Бүгінде екеуі де бұл оқиғаны ұмытқан сыңайлы. «Кортни тұрмысқа шығып, балалы болды», – деп қысқаша ғана түсіндірді Эддисон достықтарының үзілу себебін.