IMAGE Лука де Мео | Getty Images

Сән үйіне көлік саласында жүрген менеджердің неге тартылғаны жайлы айтып береміз

2025 жылғы маусымда Renault компаниясының бас директоры Лука де Мео автосалоннан сән сахнасына бет бұрды: енді ол Gucci, Saint Laurent және Balenciaga брендтері кіретін Kering холдингінің тізгінін ұстайды. Бұл жаңалықты алғаш естігенде таң қалдық. Бірақ екінші мәрте ойлансаңыз, шешім қисынды көрінеді: сән саласында тек әдемі сыртқы пішін емес, ішкі құрылым, яғни бизнес-модель мен басқару тәсілі де аса маңызды. Әсіресе компания тығырыққа тірелгенде, бұдан артық шешім жоқ сияқты.

Бұл – Kering тарихында бірінші рет басқару тізгінін әкеден балаға емес, түйіндеме арқасында беріліп отырған сәт. Бүкіл топтың бұрынғы басшысы, негізін қалаушының ұлы Франсуа-Анри Пино өз орнын күтпеген үміткерге осылай ұсына салды. Бұл таңдау парадокс болып көрінуі мүмкін. Бірақ сән үйінің дағдарысы кезінде көлік саласының менеджері тың серпіліс алып келеді деген үміт те жоқ емес. Oninvest журналисі Петр Кирьян сән үйіндегі монограммалы галстуктерді неге инженерлік мектептің қарапайым жағалары алмастырып жатқанын зерттеді.

Мәселе стильде емес, стратегияда

Kering тобы алғаш рет сырттан топ-менеджерді шақырып, басқаруды соған сеніп тапсырды. Бұған дейін компанияны негізін қалаушының мұрагері Франсуа-Анри Пино басқарған болатын: ол бір мезгілде директорлар кеңесінің төрағасы, бас директор және Пино әулетінің өкілі еді.

Алайда кейінгі жылдар Kering үшін аса табысты бола қоймады. Холдингінің портфелі кең болғанымен, табыстың жартысына жуығын әлі де Gucci қамтамасыз етіп отыр. Ал бұл брендтің де мүмкіндіктері шектеулі екенін пандемиядан кейін бәрі түсінді. Коллекциялар саны қысқарылып, назар жаңа активтерге ауысты. Valentino брендінің 30% үлесін сатып алуы (кейін толық сатып алу құқығымен) туралы ірі мәміле компанияның қарызын өсіріп жіберді: бір жыл ішінде ол 8,5 млрд еуродан 10,5 млрд-қа дейін артты.

2024 жылдың күзіне қарай S&P агенттігі Kering-тің кредиттік рейтингін төмендетіп, BBB+ деңгейіне түсірді. Ал 2025 жылы мамырда Reuters агенттігі сән алпауытын кезекті құлдырау қаупі күтіп тұрғанын хабарлады.

Жаңғырту шебері

Көп жағдайда сән индустриясы мұндай тығырықтан шығу үшін жаңа креативті директорды шақырады. Бірақ бұл жолы Kering шығармашылық емес, басқару қабілеті бар маманды таңдады. 

Лука де Мео Volkswagen құрамындағы испандық Seat брендіне жан бітірген менеджер ретінде танымал. Бір кезде «ұстауға обал, тастауға қимайтын» марка саналатын Seat 2015 жылы де Мео басқармаға келгеннен кейін жаңа тыныс алды. Сатылым көлемі 390 мыңнан 574 мыңға дейін өсті. Бұрын тек спорттық моделі ретінде саналатын Cupra жеке брендке айналып, электромобильдермен толықты. Жаңа дизайн мен динамика арқасында Cupra басты брендке айналды. Ақыры сол атау басымдыққа ие болып, 2023 жылы Volkswagen тобы Seat-пен қош айтысты.

Tatler Asia
IMAGE Франсуа-Анри Пино | Getty Images

Renault-дағы ренессанс

Renault-да де Мео Renaulution деп аталған стратегияны жүзеге асырды: көлемнен гөрі табысқа басты назар аударуды жөн көрді. Арзан Dacia бренді жаңа стильге ие болып, электромобильдерге басымдылық берілді, ал винтаж жанкүйерлері үшін 1970-шы жылдардың символына айналған Renault 5 жаңа кейіппен қайта шығарылды.

Спорт пен эксклюзивті ұнататындар үшін Alpine купесінің жаңартылған үлгісі ұсынылды: алдымен лимитпен, кейін тұрақты өндіріске сериялық форматта жарыққа шықты. 2018 жылы небәрі 195 Alpine сатылса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 4600-ге жетті.

2024 жылдың күзіне қарай Renault табыс болжамын төмендетпеген санаулы автокомпаниялардың бірі болып айды аспаннан бір-ақ шығарды. Соңғы бес жылда компанияның акциялары 90%-ға қымбаттады. Бұл – еуропалық автоконцерндер арасындағы абсолют рекорд. Салыстырып көрейік: Stellantis сол кезеңде небәрі 15% өссе, ал VW тіпті 38% жоғалтқан.


Кім кімді қызықтыра алады?

Осының бәрі стратегияның маңызын дәлелдейді. Бірақ «сән индустриясына көлік зауытынан келген топ-менеджер неге керек?» деген басты сұраққа жауап бермейді. 

Мұны түсіну үшін біраз уақыт өндіріс логикасын ұмытып, сату жағына көз салу қажет. Дәлірек айтсақ, маркетингіге. Бүгінде автоконцерндер де, сән үйлері де бірдей мәселеге тап болып жатыр: жаңа буынды қызықтыру қиындаған. Қазіргі жастар үшін қымбат сөмке немесе жаңа көлік ересек өмірдің міндетті нышаны емес. Бұған табыс деңгейі де әсер етеді: тұтынушылар тіпті кутюр заттардың өзінен қолжетімділікті, мән-мағынаны іздейді. Сол себепті де бұрынғыдай «аты дардай бренд» деген ұғым енді жеткіліксіз.

Tatler Asia
IMAGE «Әдемі әйел» фильмінен кадр | imdb.com

Pretty Woman фильміндегі аты аңызға айналған көріністі қанша сағынып еске алсаңыз да, иықтағы Dior клатчы сән үйінің болашағын жалғыз өзі өзгерте алмайды. Брендті жаңа деңгейге шығару үшін капсулды жағажай топтамасы да, маусымға сай спорт костюмі де қажет.

Автоиндустриядағы жағдай да соған ұқсас. Porsche 911 үлгісі негізінен 50 жастан асқан жанкүйерлерге арналғанын түсінген сәтте Cayenne жарық көрді. Ол аса батыл емес, бірақ жас, тиімді, ең бастысы, сатылымда табысты. Осылайша тұтынушылар екінші, тіпті үшінші көлік алып, брендке деген жаңа қызығушылық қайта оянады.

Бүгінгі таңда сән мен көліктегі тұтынушы бірдей: экологияны, көміртек ізі мен саналы тұтынуды ескереді. Жай пішін емес, мағына іздейді. Жай сән емес, құндылыққа ден қояды. Маркетингі бұрынғыдан әлдеқайда маңызды.

Ал Лука де Мео мұндай нарықта талай жылдан бері жұмыс істеп келеді. Мұндағы сатып алушы 30-дан асқан, сәнге құмар, бірақ артық төлеуге дайын емес. Стильді жақсы көреді, бірақ брендтің этикалық ұстанымына да мән береді. Лука мырза арзан брендке сән реңін бере ала ма? Иә, әлбетте. Культтік үлгіні жаңа стильмен қайта ұсына ала ма? Сөзсіз. Миллениал да, оның анасы да қызығатын өнім ұсыну қажет пе? Онда да тәжірибесі бар. Бастысы, тауар сәнді шығып, Zara витринасындағы жаңа коллекция пайда болғанша-ақ ескіріп кетпесе болды.

Сән мен көліктің PR құралдары бір. Vogue сынды классикалық журналдар әлі бар, әрине. Бірақ шынайы ықпал TikTok, Instagram мен YouTube-ке әлдеқашан ауысқан. Бүгінде трендті сәнгерлер емес, блогерлер, спортшылар мен поп-мәдениет жұлдыздары қалыптастырады. Автоконцерндер де бұл тенденциядан қалыс қалған жоқ: BMW логотипі бар киім мен аксессуарлар шығарып қана қоймай, атақты композитор Ханс Циммерге арнайы музыка жаздырып жатыр.

Сол себепті Пино әулетінің Лука де Меоны жай «автоөндірістен келген адам» емес, Kering холдингін жаңаша бағыттай алатын, клиентті де, кірісті де қайтара алатын көшбасшы ретінде таңдауы ешқандай да кездейсоқ шешім емес.

Толығырақ: OnInvest сайтында.

Темы