IMAGE Instagram @bibisarachess

Sharjah Masters 2025 турнирінде Эдгар Мамедов 2500 рейтингісінен асып түссе, Бибісара Асаубаева әйелдер арасында үздік атанды

Әлемдік шахмат додасының картасында екі жаңа есім жарқырап тұр. 14 жастағы Эдгар Мамедов пен 21 жастағы Бибісара Асаубаева гроссмейстер атағын алу үшін барлық нормаларды орындап шықты. Әлемдік шахмат сахнасының үздіктері (64 гроссмейстер, 17 халықаралық мастер) бас қосқан БАӘ-дегі Sharjah Masters 2025 супертурнирінде қазақстандық жас дарындар ересектермен қатар өнер көрсетті. Эдгар мен Бибісара әрқайсысы тоғыз партия ойнап бес ұпайдан еншіледі. Айрықша атап өтетін жайт, Бибісара Қытай мен Үндістанның танымал ойыншыларын қоса алғанда, барлық әйел ойыншыларды жеңді.

Эдгар қажетті 2500 рейтингісінен сәтті өтсе, Бибісара үшінші гроссмейстерлік норманы ойдағыдай орындап шықты. Алда енді бір-ақ қадам – FIDE-нің (Халықаралық шахмат федерациясы) кеңесінде атақтың ресми бекітілуін күту. Егер бәрі ойдағыдай болса, Бибісара Қазақстан тарихындағы екінші әйел-гроссмейстер атанады.

Эдгар мен Бибісараның бұл керемет жетістігі – олардың тынымсыз жеке еңбегі мен Қазақстан шахмат федерациясының Freedom Holding Corp. компаниясының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бастамалардың жемісі. Мамедов «Жас таланттарды қолдау бағдарламасы» аясында өзінің шеберлігін шыңдаса, Асаубаева ересектер құрамасының мүшесі ретінде арнайы грантқа ие болды. Бұл қолдау жас шахматшылардың әлемдік деңгейдегі биіктерді бағындыруына зор мүмкіндік беріп отыр. 

Tatler Asia
IMAGE Эдгар Мамедов
Tatler Asia
IMAGE Бибісара Асаубаева