Freedom Holding Corp. елордада қазақ-француз мектебінің құрылысын бастады
Астанада Қазақстан мен Франция арасындағы білім беру саласындағы жаңа бірлескен жобасы қазақ-француз мектебінің құрылыс алаңының салтанатты ашылуы өтті. Бұл бастама Freedom Holding Corp. компаниясының қаржылай қолдауымен жүзеге асырылмақ. Жобаның серіктесі – Bilim Media Group. Іс-шараға Францияның сыртқы сауда және шетелдегі француздар істері жөніндегі министр-делегаты Лоран Сен-Мартен мырза, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев және Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов қатысты.
Салтанатты рәсім барысында болашақ лицей жобасы таныстырылып, мектеп ғимаратының кіреберісіне орнатылатын іргетас тақтасының ашылуы рәсімделді. Пансионаты бар бұл білім ордасы француз және қазақстандық білім беру стандарттарына толықтай сай болады. Мектеп 2026 жылдың 1 қыркүйегінде ашылады деп жоспарланып отыр.


«Біз үшін осы бір ауқымды мемлекетаралық жобаның бір бөлігі болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік! Оған қатысу – тек білім беруді дамытуға салынған инвестициямыз ғана емес, Қазақстанның келешегіне қосқан зор үлесіміз. Жас буынға әлемдік озық білімге қол жеткізуге және оларды бүгінгі заманның сын-қатерлеріне дайындауға мүмкіндік беретін маңызды қадам. Адами капитал еліміздің тұрақты өсуінің негізі екеніне кәміл сенеміз. Мұндай жобалар арқылы біз дүниетанымы кең, бірнеше тілді жетік меңгерген, өзге мәдениеттерді құрметтейтін әрі қарқынды өзгеріп жатқан әлемде қызмет етуге дайын жаңа буын көшбасшыларын қалыптастырамыз», – деп өз ойын бөлісті Тимур Турлов.