Сикстин капелласынан шыққан ақ түтін кардиналдар жаңа Рим Папасын сайлағанын әлемге паш етті.
69 жастағы америкалық-перулық куриялық кардинал, августин орденінің мүшесі Роберт Фрэнсис Прево Рим-католик шіркеуінің жаңа басшысы болып сайланды.
Ол өзіне Лео XIV деген есімді таңдады. Бұл атау Лео XIII Папаның (1878–1903 жж.) есімін еске салады. Ол әлеуметтік әділет үшін күресіп, жұмысшылардың жағдайын жақсартуға тырысқан понтифик ретінде танымал болған. Дегенмен «Лео» есімі шіркеудің алдағы саясатының белсенді, тіпті әскери сипат алуы мүмкін деген болжамға жол ашады. Бұл жағынан «Юлий» есімімен қатар тұр. Бұл екеуі жұмсақтық пен кішіпейілділіктен гөрі күш пен ықпалмен ассоциацияланады.
Сайланған соң жаңа Папа «Көз жасы бөлмесі» (лат. Stanza del Pianto) деп аталатын бөлмеге барады. Бұл жерде ол аз уақыт жалғыз қалып, дұға оқып, болашақ туралы ойлауға және алғаш рет арнайы дайындалған ақ папалық сутананы киюге ниет етеді.
Папа кім болатыны алдын ала белгісіз болғандықтан, бірнеше өлшемде сутаналар тігіледі. Оларды XVIII ғасырдан бері Ватиканға қызмет етіп келе жатқан Gammarelli тігінші әулеті дайындайды. Сондай-ақ Папа бірнеше өлшемде дайындалған қызыл былғары туфли киеді. Бұл шіркеу дәстүрінде Мәсіхтің айқыштағы жаралы аяғының нышаны іспетті.
Осы киіммен жаңа Папа алғаш рет Әулие Петр соборы алдындағы балконға шығып, халықты қарсы алады.

Сайлаудан кейін Папаны интронизация атты литургиялық рәсім күтіп тұр. Бұрын бұл рәсім папа тәжін (тиара) кигізу арқылы жасалатын коронация болатын. Алайда ХХ ғасырдың 1970-ші жылдарынан бастап, атап айтқанда, Иоанн Павел II кезінен бастап бұл салт жойылған. Осылайша бұл Папаның жер бетіндегі билікке ұмтылмайтынын білдіретін символдық қадам болды.
Айта кетсек, әрбір жаңа Папа бұл дәстүрді қайта жаңғыртуға құқылы. Егер Лео XIV коронацияны қайта жаңғыртса, бұл оның халықаралық саясатқа белсенді араласатынын меңзейді.
Интронизация рәсімі Папа барлық ресми рәсімдерге келісім бергеннен кейінгі келесі күнде өтеді. Бастапқыда ол Әулие Петрдің қабірінің басында дұға оқиды, содан кейін собор алдындағы халыққа сәлем береді.
Литургия кезінде кардиналдар жаңа Папаға адалдық антын береді және оған папалық биліктің басты нышаны — кресттермен көмкерілген қой жүнінен жасалған паллий лентасын тапсырады. Сонымен қатар Папаға «Балықшы жүзігі» — жеке мөрі бар алтын немесе алтын жалатылған күмістен жасалған сақина табысталады. Бұл сақина Иса Мәсіхтің алғашқы шәкірті, балықшы Петр апостолдың құрметіне аталған. Папа қайтыс болғанда бұл сақина ресми түрде жойылады, яғни оны сындырып тастайды.
Литургия аяқталған соң, Папа салтанатты шараға келген делегациялар мен меймандарды қабылдайды.