Табиғи сұлулық үрдісі: Макияж маңыздылығының жойылуы
«Эйфория» стиліндегі жарқын макияж, Ким Кардашьянның танымал контурингі және креативті тырнақ дизайны өткеннің еншісінде қалды. Олардың орнын тыныс алатын тері, желден қорықпайтын табиғи шаш пен ұқыпты маникюр секілді шынайылыққа негізделген жаңа эстетика басты. Әлемнің өз болмысына қалай оралып жатқаны туралы визажист Захар Гринов баяндайды.
Бүгінде жұлдыздар мен инфлюенсерлер қалың макияждан біртіндеп бас тартып, табиғи келбетке оралып келеді. Себебі шынайылық енді іш пыстыратын ұғым емес, керісінше сенімділіктің жаңа көрінісіне айналды.
Бұл үрдістің ең жарқын мысалы – Памела Андерсонның өзі. Иә, сол 1990-шы жылдары көлемді дене бітімімен және жіңішке қасымен танылған Памела. Бүгінде 57 жастағы актриса қызыл кілемге макияжсыз шығады. Оның бұл әрекеті маркетингілік қадам ғана емес. Пэмнің айтуынша, мұның бәрі Париж сән апталығындағы тәжірибеден басталған: «Ешкім байқайды деп ойламадым... Өзгелермен жарыса боянуға құлқым болмады. Өзімді сәл оғаш сезіндім, бірақ бұл маған ұнады». Оның өміріндегі бетбұрысқа визажисі Алексис Фогельдің қайтыс болуы да себеп болған: «Ол өз ісінің ең үздігі еді. Сол кезден бастап мен Алексиссіз макияж жақпағаным дұрыс деп шештім». Пэм – табиғилықты жасандылық емес, өмір салтына айналдырған кемелденген әрі батыл әйелдің бейнесі.


Өзіңе күтім жасау мәдениеті де өзгеріп келеді. Skinimalism қағидасы қазір трендте. Оның мәні – көптеген құтыдан бас тартып, тек ең қажетті әрі тиімді өнімдерді ғана қолдану. Он сатылы корей күтімімен қош айтысатын уақыт та келді. Оның орнын табиғи формулалар, қарапайым құрамдар, экологиялық таза өнімдер басты. Күтім мінсіздікке ұмтылған жарыстан, өзіңді сақтауға арналған байыпты, ойластырылған рәсімге айналып жатыр.
Шаш күтімінде де дәл осындай философия үстемдік етеді. Термиялық зақымсыз, жұмсақ әрі тірі шаш көп сағаттық сәндеудің орнын басқан. Оның бір дәлелі – Prada мен Miu Miu көрсетілімдеріндегі ойластырылған ұқыпсыздық. Модельдер подиумға ұйқыдан енді тұрып, шашына тарақ тимегендей күйде шықты.