Жаз — тері сұлулығы мен саулығына салғырт қарауға болмайтын маусым. Сондықтан Tatler күнге әдемі әрі қауіпсіз күю үшін қажеттінің бәрін бір мақалаға жинап қойды.
Күн, жағажай, шашты тербетіп, сипап тұрған теңіз самалы — бәрі мінсіз секілді. Алайда шіліңгір шілденің күні кейде тек дос емес, тері саулығының қас жауы да бола алады. Жаз дәуреннің күйзеліске ұласпағанын қаласаңыз, дайындыққа байыппен қарау керек. SPF-крем — қорғаныш қалқаны. Күнге күюді жылдамдататын активаторлар — шезлонгта алты сағат бойы қақталып жатпай-ақ, керемет реңкке қол жеткізудің айласы. Күннен кейінгі күтім — күннің ыстық құшағынан кейін теріні нәзік қалыпқа келтірудің бірегей тәсілі. Ал соңғысы — жылтырақ эффектілі косметика: оның көмегімен терінің реңі бұрынғыдан да тартымды көрінеді. Қысқасы, әдемі әрі қауіпсіз жаз үшін керек дүниенің бәрі — біздің гидте, оқи отырыңыз!
Күннен қорғайтын крем
Жағажай гардеробын таңдауға кіріспей тұрып-ақ косметика сөмкесіне бірінші болып қосылуы тиіс дүние — күннен қорғайтын крем. Шынтуайтына келсек, оны тек жағажайда емес, қалада да күнделікті қолдану маңызды. Тек күнге күйіп қалудан емес, ультракүлгін сәулелердің екі түрінен — В және А толқындарынан да қорғану қажет.
В-сәулелер күйікке әкелсе, А-сәулелер әлдеқайда тереңірек әсер етеді: олар терінің фотоқартаюына, коллаген мен эластиннің бұзылуына, жасушалардағы мутация мен пигментацияның жиналуына ықпал етеді. Бұған қоса, күн сәулесі — меланома мен тері обырының басты себебі. Қазақстан Австралия емес, әрине, бірақ еліміздегі меланома статистикасы алаңдатарлық деңгейде. Бір жақсысы — күн сайын SPF қолдану меланома қаупін 20–30%-ға төмендетеді.
Ұсынылған өнімдер:
- Dr.Ceuracle Hyal Reyouth Moist Sun
- Heliocare Pigment Solution Fluid
- iS CLINICAL Eclipse SPF 50+

