Baku Fashion Week дизайнерлері ұлттық нақыштың қалыптасқан қағидаларына тәуелді болмай, өз стилін қалай жаңаша өрнектейді?
The future doesn’t welcome anyone (ағыл. Болашақ ешкімді құшақ жая қарсы алмайды). Бакудегі Сән апталығында әзtрбайжандық UVENTA брендінің 2025 жылғы топтамасының промо-видеосы осылай аяқталады. Бұл тіркес алғаш естігенде жағымсыз ой салғанымен, астарында нәзік ирония жатыр. Өйткені Баку сәнінің болашағы жарқырап, нұрланып тұр. Оған қаланың шуақты климаты ғана емес, жергілікті дизайнерлердің батыл қадамдары мен тың ізденістері де сеп. Қазақстанмен салыстырғанда, Әзербайжанның сән сахнасы әлі жас, тыңғылықты әрі кәсіби цинизмге бой алдырмаған. Бұл — үшінші рет өткізіліп отырған Baku Fashion Week. Ұйымдастыру деңгейі сондай, еріксіз Лагерфельдтің Chanel үшін жасаған көрсетілімдері – зымырандар мен казинолар еске түседі.
Көрсетілім масштабы туралы әзілдеп тұрған жоқпын. Сән апталығы Баку Конгресс орталығында, яғни алып та, ультра заманауи ғимаратта өтті. Подиум кең әрі дөңгелек зал іспеттес болды. Ортасында көлемі соншалық үлкен, басыңды төмен салуға мәжбүрлейтіндей зор экран орнатылған. Онда қатаң нұсқаулар жазылған: «Please take a seat. The show is about to start» (Орын алыңыздар. Көрсетілім басталғалы жатыр). Мұның қысымға саятыны соншалық, Baku Fashion Week-тің бүкіл сән әлеміне жасалған ауқымды мәлімдемесі екені бірден түсінікті болады. Жарқын жарық төрт жақтан түсіп, өзіңді тергеуде отырғандай сезінесің. Есесіне осы жарықтың арқасында тіпті теріңдегі майда жарықшақтарға дейін анық көрінеді.
Мені шынымен таңқалдырғаны – дизайнерлердің ұлттық ерекшелікпен қаншалықты мұқият жұмыс істейтіні. Мұнда өз түп-тамырын папахалар мен чадра арқылы жариялап көрсетпей, ең бастысы пішім мен ойға басымдық берілген. Мысалы, CONFIDANCE көрсетілімінде өткен мен қазіргі заман арасындағы тепе-теңдік өте дәл сақталған. Топтамада көшпелі әйелге тән нәзіктік қалалық утилитаризммен астасып жатқандай сезілді. Образдар ыңғайлы, сабырлы, артық қылықсыз.

