Джереми Аллен Уайт – әлемдегі ең сәнді аспаз
«Аю» (The Bear) сериалының жұлдызы Джереми Аллен Уайт Louis Vuitton сән үйінің жаңа амбассадоры атанды. Осыған дейін Calvin Klein жарнамасындағы жарқын образымен танымал болған актер, енді сән әлемінде мүлдем жаңа қырынан көрінбек. Louis Vuitton-ның жаңа науқанында ол жібек пижама киіп, қолына брендтің атақты SPEEDY 25 сөмкесін ұстап тұр. Бұл таңдау кездейсоқ емес. Актер осыған дейін де Met Gala кешінде Louis Vuitton киімімен көпшіліктің көзіне түскен болатын.
Брендтің креативті директоры Фаррелл Уильямстың айтуынша, оны актердің стиліндегі ерекше еркіндік баурап алған: «Оның болмысынан сабырлы сенімділік пен шынайылық есіп тұрады. Мұнда ешқандай жасандылық жоқ, бәрі табиғи».
Енді 25 маусымда көрерменге жол тартатын «Аю» сериалының жаңа маусымын тағатсыздана күтеміз. Егер алдыңғы маусымда Сидни (Айо Эдебири) Thom Browne формасын кисе, бәлкім, енді Кармидің киімінен LV монограммасын көріп қалармыз.

