Биыл жазда Miu Miu бізді ормандағы пикникке шақырады
L’Été 2025 науқаны аясында Miu Miu декорацияны өзгертуге бел буды: «жылтыр» интерьерді тастап, орманға бет аламыз. Креативті директор Эдвард Куормби түсірілімді британдық суретші әрі документалист Сиан Дэвиге сеніп тапсырған екен. Дэвидің сән әлеміндегі дебюті. Стилизацияға Лотта Волкова, ал кастингіге Эшли Броукоу жауапты. Науқан көк басқан тыныш орманның қақ ортасында түсірілген. Бейберекет орналасқан антиквар жиһазға жайғасқан модельдер бір-бірімен сыбырласып, жазғы ауаға сіңе кеткендей көрінеді. Видео бұл көріністі күшейте түседі: онда әңгіме-дүкен, күлкі бар. Классикалық сән түсірілімінен гөрі естелік фрагменттеріне көбірек келеді.
Теннис белдемшесі, Mary Jane туфлиі және рюкзак сынды элементтерден құралған образдар балалық шақты еске алуға шақырады. Басты назар мәртебе емес, көңіл күйдің бір бөлшегі ретінде ұсынылған аксессуарларда. Науқанның айтары: сән дегеніміз поза емес, процесс. Жазғытұрым – сәл де болсын аялдап, шынайылыққа бет бұратын кез.



