Өзбекстандық LALI мен қазақстандық SALTANAT Diamond Gallery брендтері Париж сән апталығында бірлескен топтамасын ұсынбақ
2025 жылдың 6 шілдесінде Париж сән апталығы аясында ерекше оқиға орын алмақ: өзбекстандық LALI киім бренді мен қазақстандық SALTANAT Diamond Gallery зергерлік үйі өздерінің бірлескен туындысын көпшілік назарына ұсынады. Екі елдің өнерін үлкен сахнаға алып шыққан бұл бастамаға Өзбекстанның Мәдениет және өнерді дамыту қоры мен Таяу Шығыс және Азия дизайнерлеріне қолдау көрсететін франко-марокколық OFS Official ұйымы мұрындық болған.
Бұл топтама – екі түрлі шабыттың тамаша тоғысы. Дизайнер Лали Фазылова өз туындысын Бұхараның атақты алтын кесте өнеріне арнапты. Ол аптап ыстық пен су тапшылығынан қазынаға теңелген шөл дала гүлдерінің бейнесін матаға алтынмен өрнектеген.
Ал LALI-дің шығыстық нәзік образдарын қазақстандық SALTANAT Diamond Gallery зергерлік үйінің әшекейлері толықтыра түседі. Олардың дизайнына оңтүстік табиғатының сұлулығы – таулардың асқақтығы, көбелектердің қанат қағысы, ұшы-қиыры жоқ даланың кеңдігі арқау болған.



