Met Gala 2025-тегі ең қызық образдарды жинадық
Мамыр айының алғашқы дүйсенбісі – сән әлемі жанкүйерлерінің қасиетті күні. Нью-Йорк қаласындағы Метрополитен музейінің табалдырығында Met Gala 2025 қайырымдылық кешінің негізгі бөлігі өтті. Биылғы тақырып – Superfine: Tailoring Black Style – әсемдік, афроамерикалық дендизм және ерлер киімін тігу өнері одасы. Қонақтардың көбісі кештің күрделі тақырыбына сай киініп, талғам мен контекстіге малынған образ ұсына алды. Оғаштау сәттер де болды: Кайли Дженнер мен Хейли Бибер дендизмді office siren core стилімен шатастырып алған сияқты.
Биыл басты назар ерлерде болды. Кеш жүргізушілерінің бірі Колман Доминго қызыл кілемге күлгін түсті Valentino кейпін киді. Сәнді дендизм алыбы Андре Леон Теллиге келтірілген оммаж. Шекпенге құмар жан еді. Айтпақшы, бұл референс Анна Винтурдың Louis Vuitton ұсынған жібек көйлектен құралған образынан да байқалды. Елдің сөзіне сенсек, Андренің артық салмағына нұсқап, оны мазақ қылған жан – Анна Винтурдың өзі. Тұнып тұрған ирония. Алайда Андренің тамаққа емес, сұлулыққа құмар болғанын бәріміз де білеміз.


Біз болжағандай, сәтті образдардың көбісі Thom Browne-ға тиесілі болды. Оның туындыларын актерлер Трэмел Тилман (Severance-тағы Мистер Милчик) мен The White Lotus-тағы Уолтон Гоггинс киді.
Ең сымбатты жігіт атағын ресми түрде костюм мен теріден өрілген Prada бас киімін киген Bad Bunny-ге беруге дайынбыз. Костюмнің ішінен Calvin Klein киді дегіміз келеді.
Кендрик Ламардың жолын қуған Фаррелл Louis Vuitton аясында балағы кең шалбарға деген трендті күшейтіп келеді. Burberry-дің креативті директоры Дэниел Ли мен стилист Ло Роуч зиялы қауымға тән барқыт смокинг киді. Дегенмен Роучтың біртүрлі сары паригі британдық аристократтың пародиясы сынды көрінді.