Пэрис Хилтон түскен қаржыны Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсетуге және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғауға бағыттамақ.
2000-шы жылдардың иконасы Пэрис Хилтон Vestiaire Collective-пен бірігіп, гардеробындағы заттарды эксклюзивті түрде сата бастады. Қызыл кілеммен жүріп өткенде, түнгі клубтарға киіп барғанда аты аңызға айналған папараццилердің объективіне тап болған культтік сипатқа ие жүздеген затты енді саудалауға болады. Түскен қаржы Лос-Анджелестегі өрттен зардап шеккендерге көмек көрсету және балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағыттары бойынша жұмыс істейтін 11:11 Media Impact қайырымдылық қорына жөнелтілмек.
Қазына деуге болатын коллекцияда, мысалы, күлгін және қара түсті Juicy Couture велюр костюмдері, 2003 жылғы көктем-жаз коллекциясының сирек кездесетін Louis Vuitton x Takashi Murakami сөмкесі, Von Dutch және Versace күрткелері мен Miu Miu мотоцикл күрткесі бар. Сондай-ақ бірегей коллекциядан Balenciaga, Burberry, Balmain, Dolce & Gabbana, Lanvin, Mugler және MCM сынды басқа да танымал брендтердің өнімдерін табуға болады.
«Коллекцияма сүйікті әрі естелікке толы заттарымды жинадым. Аты аңызға айналған кештерге киіп барған жылтыр көйлектеріммен бірге әлем шарлаған сөмкелерімнің бәрі жүрегіме жақын. Оларды беріп жіберу оңай емес. Алайда адамдарға көмегім тиетінін түсініп, осындай шешім қабылдадым», – дейді Пэрис.
Сатылымға шыққан заттарды Vestiaire Collective сайтынан таба аласыз. Олардың ең арзаны $75, ең қымбаты $2250 тұрады.