IMAGE imdb.com

Люкс сипатына сай маусым: The White Lotus-тың үшінші маусымындағы стиль туралы әңгімелейміз (абай болыңыз, маусымның финалын қоспағанда, мақала спойлерге толы!).

The White Lotus-та міндетті түрде әлдекім қаза табады емес пе? Үшінші маусымдағы атыс кезінде кімнің жолы болмағаны әзірге белгісіз (біздің теориямыз бойынша оны тай маймылдары ұйымдастырды), алайда сериалдағы «астыртын сән-салтанат» енді келмеске кетті. Менмұндалаған байлық оның орнын басты. Логотип те көбейді, байлар да одан әрі жиіркенішті, әрі төзгісіз бола түсті. Олардың гардеробы – Succession сериалынан қалған қарапайым әрі кербез стильге қарама-қарсы дүние. The White Lotus-тың костюм жөніндегі шебері Алекс Бовэрд: «Біздің астыртын сән-салтанатқа қатысымыз жоқ», – дейді. Cartier, Rolex, Valentino және Gucci сынды танымал брендтердің логотиптерінен көз сүрінеді. Мұның бәрі Ко Самуи аралындағы ғажап қонақ үйдің интерьерімен тамаша үйлеседі, өйткені мұнда бір түн түнеудің өзі ондаған мың доллар тұрады.

Алекс Бовэрд алғашқы екі маусым аясында «Эмми» сыйлығына үш рет ұсынылып, оның екеуіне қол жеткізді. Сериалдың табысы арта келе бюджеті де ұлғая түсті. Сол себепті шебер үшінші маусым аясында шын мәнінде көздің жауын алып, кейіпкерлердің байлығын бетке басатын гардероб құрған көрінеді. Бұл жетістік H&M, Zara сынды брендтермен коллаборация жасауға да жол ашты. «Байлар киетін» киімнің «қарапайым халыққа» ұсынылуы – нағыз ирония. Алайда «астыртын сән-салтанаттың ақырын» сәл сапасыздау сипатта көрсету керек деген мақсат болса, мұндағы «жарқыраған» киім үлгілері түпнұсқадан да арзан көрінеді. Керек десеңіз, Gucci мен Valentino «жалған нұсқасын тап» деген ойында оңбай жеңілгендей... Бірақ айтпағымыз бұл емес.

Біз мұнда кейіпкерлердің не кигені және оның себептерін әшкерелеу үшін жиналып отырмыз. Алекс олардың образын одан әрмен келемеждеп, ауқымды люкс сөмкелер топтамасын жинап, Jacquemus-пен бірге вирустық сипатқа ие болған образ жасай алды.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Рэтклиффтер әулеті

«Біз – қарапайым отбасымыз», – дейді әулеттің Ralph Lauren каталогі беттерінен шыққандай әсер қалдыратын анасы Виктория Рэтклифф (Паркер Поузи). Алайда бұл әулет үшін инцест, қаржылық айла-шарғы және лоразепамға деген тәуелділік сынды жайттар – сұмдықтың бер жағы ғана. Алайда қымбат киімнен құралған «қасбет» өз міндетін мінсіз атқарады. Виктория Таиландты менсінбей, өзін оңтүстік аймақтардың ақсүйегі санайды. Ол бірінші эпизод сахнасына Banana Republic көйлегін киіп, жібек шарф тағып, Gucci Bamboo сөмкесін ұстап шығады. Оның екінші сөмкесі – лоразепамды сақтауға арналған винтаж Louis Vuitton.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Виктория күтпеген жерден нью-йорктік Rachel Comey брендінің киімін киеді. Өзіне жарасады әйтеуір. Оның сән-салтанат пен жайлылыққа деген құмарлығы сәнді шекпендерден көрініс табады. Сахналардың бірінде ол сол шекпендердің бірін киіп, диванда керіліп жатып алып, оңтүстікше акцентпен тамаққа тапсырыс береді. Монастырдағы көріністе ол сопылық атмосферамен дым үйлеспейтін Jim Thompson ұсынған жібек шекпен киіп жүреді. Сонымен қатар оның мәртебесі қағаздан жасалған күнқағар қолшатырлардан байқалады. Кейіпкер бірнеше мың құл ұстайтын мақта плантациясы иесіне ұқсап жүреді.

Тимоти Рэтклифф (Джейсон Айзекс) пен оның үлкен ұлы Саксон (Патрик Шварценеггер) – классикалық патриархат өкілдері. Екеуі біп-бірдей киінеді. Саксон әкесіне еліктеп, Southern Tide поло жейделері мен Gucci мокасинын киіп, Oliver Peoples x Roger Federer көзілдірігін тағады. Оның інісі Локлан (Сэм Нивола) алғашқы эпизодтарда өмірлік мақсаты мен жыныстық болмысын ұғынып үлгермеген бала сияқты шолақ шалбар мен түрлі-түсті футболка киіп жүреді. Алайда инцест жөніндегі эпизодта ол «ересек» көрінетін Tombolo Reptile Dysfunction жейдесі мен көк шалбар киеді. Әулеттің қызы Пайпер (Сара Кэтрин Хук) – нені қалайтынын анық білетін жан. Ол материалды дүниелерге құмар отбасынан қашып, рухани жаңғыру жолына қадам басқысы келеді. Алайда оның киім үлгілері иесінің екіжүзділігін әшкерелейді. Бохо стиліне жақын болғысы келетін Пайпер, мысалы, $500 тұратын Zimmermann көйлегін киіп жүреді. Рухани құндылықтар бутикте сатылатындай...

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Челси мен Рик

Челси (Эйми Лу Вуд) мен оның жасы біразға келіп қалған бойфренді Рик (Уолтон Гоггинс) – шоудың жұмбақ жұбы. Олар сырт көзге sugar daddy мен sugar baby-ден құралған жұп болып көрінеді. Алайда Челси – Рикті өзінің соулмейті көретін рухани дамыған бойжеткен. Ол Рик берген Cartier «шегесі» не Birkin сөмкесі сияқты сыйлықтардан, әрине, бас тартпайды. «Ол – бүрге базарларға барғанды жақсы көретін бойжеткен. Алайда ол ит жетоны пішіндес 18 караттық алтыннан жасалған алқа сынды қымбат заттардан да бас тартпайды», – дейді Алекс Бовэрд. Аралда ол Coachella-да жүргендей киінеді. Мысалы, ол Fool Moon Party кешіне сериалдың екінші маусымынан қалған кокос қабығына ұқсас винтаж топ киіп барады. «Иә, дәл осы сұмдықты киемін!» – депті Эйми Лу Вуд костюм киіп көру барысында. Бұған қарамастан, Челсиде JW Anderson және Louis Vuitton сөмкелері бар. Бойжеткен оларды винтаж бен My Beachy Side сынды жастарға арналған брендтердің бұйымдарымен үйлестіреді.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Ал «кәрі кезбе» Рик – жер-дүниені шарлаған, кез келген жағдайға орай киінуді білетін жан. Жас йога тренері Челсидің махаббатының сыры Риктің құпиялы аурасы мен харизмасында, сондай-ақ оның сексуалдығында жатыр. Таиландта ол жүн-жүн кеудесін жартылай ашып тұратын гавайлық жейде мен зығыр шалбар киеді. Бұл образ Уолтон Гоггинсті сән иконасына айналдырды. Бұған «жылтыр» журналдарға арнап жасалған сансыз түсірілімдер дәлел. Louis Vuitton аясындағы Man About Town-ға арналған ковбой образы мен GQ-дегі атқа жартылай жалаңаш мінген бейнесін еске алсақ, сілекейіміз шұбырып кетеді. New York Post тіпті: «The White Lotus кейіпкері Уолтон Гоггинстің арқасында шашы сирей бастаған ағалар тартымды бола түсті», – деп жатты. Turkish Airlines-тың өкілі бұған X желісінде «NOOOOOOO» деп жауап берді.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Джаклин, Кейт және Лори

Шоураннер Майкл Уайт жасы 40-тан асқан уытты құрбылар үштігін «Сары шашты дақ» деп атайды. Олар шынымен де киім кию үлгісін бір-бірінен көшіретіндей әсер қалдырады. Кейіпкерлер алғашқы көріністе-ақ 1970-ші жылдардағы музыкалық топтарға тән түстес көйлек киіп тұрады. Топтың стиль бойынша көшбасшысы қызметін логотиптерді ұнататын табысты актриса Джаклин (Мишель Монахэн) атқарады. Джаклин – attention whore (елдің назарын үнемі өзіне тартуға тырысатын жан. – Tatler). Оның Valentino логотипімен көмкерілген жылтыр көйлегі мен жібек жейдесі сынды киім үлгілері бұған дәлел. Ол он мың доллар тұратын Bottega Veneta сөмкесін жағажайға алып барып, жерге лақтыра салады, ал аксессуар таңдаған кезде неғұрлым ірісін алуға тырысады. Алып шелек пішіндес Gucci қалпағы да естеріңізде болар?..

Остиннен шыққан ақсүйек Кейт (Лесли Бибб) те бренд жағынан Джаклиннен қалыспайды. Оның Valentino шомылу киімі де, кешкі асқа киіп баратын қызыл Lanvin көйлегі де бар. Дегенмен Джаклинге қарағанда Кейт – біршама консервативті жан. Ол, мысалы, Cartier-нің Love білезігін тағып, Delvaux сөмкесін ұстайды. Оның стилі жинақылау, шаш үлгісі де құрбыларынан гөрі ұқыптылау келеді.

Нью-Йорк қаласынан келген заңгер Лори (Кэрри Кун) бұл стильге күмәндана қарайды. Құрбыларына еліктеп, киімді де соларға қарап таңдауға тырысқанымен, өзі күнделікті өмірде сәнге аса мән бермейтін секілді. Алайда құрбыларымен бірге демалғанда оның брендті заттары көбейе түседі. Алғашқы эпизодта ол Loewe сөмкесін құшақтап, жылап отырады. Сондай-ақ оның шағын Goyard рюкзагі мен кенептен жасалған Hermes шоппері бар.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Хлои мен Грег

«Франциядан емес, Канададан шыққан» бұрынғы модель Хлоидің (Шарлотта ЛеБон) образы ерекше есте қалды. Оның The White Lotus-қа арнап тігілген қызғылт шомылу киімі мен пареосы Симон Порт Жакмюстің қолынан шыққан екен. Кең жиекті қалпақпен тамаша үйлескен образ Instagram желісінде танымал бола кетті. Алекс Бовэрд Хлоиді Jacquemus киетін кейіпкер болуын қалаған көрінеді, себебі «ол – көп саяхаттайтын бойжеткен, Сен-Тропеде біраз тұруы да ықтимал». Хлоидің ақ-қара түсті шұбар боди мен пайетка матадан тігілген ала белдемшеден тұратын образын да Jacquemus ұсынған екен. «Симон (Порт) маған Instagram арқылы хабарласып, екінші маусымды ұнатқанын және қалауымды орындауға дайын екенін айтты», – дейді Алекс.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Бұрын Гэри болған Грег (Джон Грайс) пен Хлоидің махаббаты – таза нарықтық қарым-қатынас. Хлои оны LBH (losers back home – Таиландтағы орташа табыс табатын жасы үлкен әрі таз ерлердің атауы. – Tatler) дейді. «Мұндай ерлер Пхукет пен Бангкокте көп. Олар ашық түсті киім, шолақ шалбар және тәпішке киіп, үнемі демалыста жүргендей көрінеді. Грегтің образын солардан шабыт ала отырып құрдық», – дейді Алекс. Өткен маусымдарда сәнге еш қатысы болмаған Грег Таняның байлығына ие болып, Zegna және Isaia брендтерінің бұйымдарын, сондай-ақ ашық түсті жейделер ала бастаған екен.

Tatler Asia
IMAGE imdb.com
Tatler Asia

Белинда

Сериалдың жанкүйерлері спа менеджері Белинданың (Наташа Ротуэлл) киім үлгілерінде шоуға қатысты жасырын белгілер бар дейді. «Бұл маусымда жорамалдар бар, рас, бірақ ештеңе айта алмаймын. Бесінші түзету аман болсын», – дейді Алекс. Ол өткен маусымда өзінің үндеуін Таняның қызғылт көйлегі арқылы жасырып жеткізген болатын. Айтпақшы, дәл сол көйлек The Godfather экскурсиясы кезінде мерт болған Аполлония манекенінің үстінде болған еді. Белинда курортқа тәжірибе алмасу үшін келгенімен, отель қонағы болғысы келеді. Сондықтан да ол Anthropologie және Verandah брендтерінің тропикалық принттермен көмкерілген ашық түсті көйлектері мен шекпендерін кигенді ұнатады. Алайда қанша тырыссақ та, оның киімдерінен кімнің қаза табатынын анықтау мүмкін емес. 

Tatler Asia
IMAGE imdb.com

Темы