Hublot Loves Summer кешінде таныстырылған Big Bang Unico Summer 2025 сағатының жаңа үлгісі жайлы баяндаймыз
2025 жылдың бесінші маусымында Миконос аралында Hublot Loves Summer кеші дүркіреп өтті. Компания сегізінші жыл қатарынан жазды Жерорта теңізі аралдарында қарсы алып, жаңа топтамасын таныстырып келеді. «Hublot бренді жаздың басталуын ерекше атап өтеді, себебі бұл мезгіл әрдайым қуанышты сәттерге толы. Big Bang Unico Summer 2025 сағаты өмірдің батыл, жарқын әрі ұмытылмас сәттерін дәріптейтін Hublot брендінің философиясын айқын бейнелейді. Бұл жай ғана сағаттың тұсаукесері немесе жазғы кеш емес. Бұл – эмоциялар тоғысы, жаз бен қуаныштың, достық пен командалық рухтың мерекесі. Ең бастысы, бұл – Hublot брендін бүгінгі биігіне жеткізген керемет жандардың ортасы», – деп мәлімдеді Hublot компаниясының бас директоры Жюльен Торнар.
Кештің басты қонақтары ретінде Hublot брендінің елшісі, әлемнің ең жылдам адамы Усэйн Болт пен бренд досы – диджей Маттиа Витале болды. Жабық кешке сондай-ақ Hublot отбасының мүшелері, бренд клиенттері мен баспасөз өкілдері жиналып, естен кетпес ерекше атмосфера орнатты.
Бұл жолы кеште Big Bang Unico Summer 2025 сағаты таныстырылды. Сағат шуақты сарғылт және көк теңіз түстерінде жасалған. Оның дизайны жағажайдағы ыстық күндер мен жағаға әлсін-әлсін соғылған толқындарды еске салады. Сағат аса төзімді корпуспен жабдықталып, 100 метрге дейінгі тереңдікте су өткізбейтін қасиетке ие. Осының арқасында ол ұзақ саяхаттарда таптырмас серік бола алады. Патенттелген One Click белдікшені жылдам ауыстыру жүйесінің арқасында сағатты жағажай аксессуарынан оп-оңай кешкі сән үлгісіне айналдыруға болады. Big Bang Unico Summer 2025 сағаты арнайы микроабразивті өңдеуден өткен жеңіл керамикадан жасалғандықтан, қолда салмағы мүлдем сезілмейді.


