Bvlgari бас директорының орынбасары Лаура Бурдеземен сұхбат: Римдік зергерлік үй әлемді шығармашылық тілмен қалай баурап алды
Лаура Бурдеземен біз BVLGARI-дің Валенца қаласындағы жаңа зергерлік мануфактурасында жолықтық. Салтанатты ашылу рәсіміне жер-жерден қонақтар ағылып келді. Әлемде жағымсыз жаңалықтар қаншалықты көп болса, тамаша дүниелер соншалықты тапшы. Міне, BVLGARI күн сәулесіндей жарқыраған, көңілге шуақ сыйлайтын әшекейлер топтамаларымен осы олқылықтың орнын толтыруға тырысайық.
Сіздердікіндей фабрикамен мақтана алатындар кемде-кем: ол экологияның барлық талаптарына сай салынған, әрі жұмыс істеуге ыңғайлы ғана емес, көңілге шуақ сыйлайтындай етіп арнайы жобаланған. Тіпті бұл фабрика емес, нағыз бес жұлдызды BVLGARI қонақ үйінің өзі сияқты әсер қалдырмай ма?
Әсірелеудің қажеті жоқ, дегенмен біздің деңгейіміз шынымен де өте жоғары. 2017 жылы салынып, қазір аумағы екі еседен астам кеңейтілген Валенцадағы мануфактура мен үшін кез келген қонақ үйден әлдеқайда қызықты. Бұл – шығармашыл жандар үшін және олардың өздері жасаған, ортақ құндылықтарға, сұлулыққа, көркем қолөнерге деген сүйіспеншілікке негізделген нағыз тұрақты экожүйе. Біз үшін ең маңыздысы қолөнершілеріміз бен суретшілеріміздің жайлы әрі көңілді жұмыс істеуіне жағдай жасау болды. Олар біз үшін көздің қарашығындай құнды.

Шеберлерді қалай табасыздар? Олар сіздерді қалай табады?
Адамдар – біздің ең үлкен құндылығымыз. Сондықтан да біз оларды жан-жақтан іздеп, зергер мамандығын дамытуға қомақты қаржы саламыз. Бұл оңай шаруа емес, себебі мұндай кәсіптер, өкінішке қарай, жастардың назарынан тыс қалып барады. Италия мектептерінде, тіпті Италиядан тыс жерлерде де, бұл мамандықтардың бар екенін көп жастар біле бермейді. Дәл осы себепті біз әлемнің түкпір-түкпіріндегі мектептермен ынтымақтаса отырып, қолөнер туралы мәлімет беруге, жастарды өз ісімізге тартуға уақытымыз бен ресурстарымызды аямаймыз.