Zenith 160 жылдық мерейтойына арнап, тарих, дәлдік пен мәңгілік cән-салтанат үйлескен G.F.J. сағатын шығарды
G.F.J. моделі Женевадағы Watches & Wonders көрмесіндегі сәуір айының басты жұлдызына айналды. Оның платина корпусындағы сағаты, аспан түстес лазурит циферблаты және, ең бастысы, аты аңызға айналған, бірақ көптен бері өндірістен алынған 135 калибрімен жабдықталған ерекше механизмі жұрттың таңдайын қақтырды. Бұл механизм 1950 жылдары атақты сағат шебері Эфрем Жобеннің (1909–2014) қолынан шыққан. Ол хронометрлік дәлдік байқауларында 200-ден аса жүлде алып, сағат жасау өнерінің эталонына айналды. Ал G.F.J. атауы Zenith-тің негізін қалаушы Жорж-Фавр Жаконың (1843–1917) құрметіне берілген.
Бұл жаңалықты Zenith тарихшысы Лоранс Боденманнмен бірге зерттеуді жөн санадық. 160 жылдық тарихты одан артық білетін адам табыла қоймас. Мектеп кезінде Лоранс шоу сайқымазағы немесе мұғалім болуды армандаған, кейін университетте антропологияға ауысқан. Алайда сағаттарға көзі түскенде ол механизмді емес, адамды көретінін айтады. Клоундық пен ұстаздық қасиет те жоғалмаған: аудиторияны баурап алуы мен шебер баяндауы әлі де көптің таңданысын тудырып келеді.

«135 калибрі рекорд орнатуға арналған еді», – дейді Лоранс, – ол қазіргі кез келген стандарттан жоғары дәлдікке ие болды. Оны Невшатель обсерваториясының астрономдары бірнеше мәрте марапаттады. Бірақ Формула-1 көліктері күнделікті көшеде жүрмейтіндей, бұл калибр де күнделікті қолданысқа арналмаған. Сондықтан Zenith оны қайта жасап шығуға бел буды».