IMAGE Памела Андерсон | flamingoestate.com

Памела Андерсонның Pamela’s Pickles атты қияр тұздамасының алғашқы легі шектеулі мөлшерде сатылымға шықты

Памела Андерсон калифорниялық Flamingo Estate брендімен бірлесіп, өзінің алғашқы өнімі – Pamela’s Pickles атты қияр тұздамасын таныстырды. Оның құрамында: су, дистилденген және алма сірке суы, аскөк, сарымсақ, Фресно және Гуахильо чили бұрыштары, қызғылт бұрыш, қыша дәндері, ысталған теңіз тұзы және раушан гүлінің күлтелері бар. Соңғысына Памела Андерсон ерекше құмар: актриса оларды спагетти соусына қосып, шай ретінде де демдеп ішеді екен.

Қытырлақ әрі ащы, соңында гүлдің нәзік дәмі қалатын бұл қияр тұздамасы Андерсонның туысқан апасының рецептіне негізделген. Кішкентай Памела сол кісімен бірге жиі тұздамалар дайындап, джем мен қыша қайнататын болған. Актриса болашақта өз өнімдерінің қатарын кеңейтуі мүмкін екенін жоққа шығармайды. Мысалы, ол үйінде итмұрыннан денеге арналған май және раушан суынан бетке арналған спрей жасайды.

Pamela’s Pickles сатылымынан түскен барлық қаражат California Wildlife Center-ге бағытталады. Бұл – Калифорния жағалауындағы жабайы жануарларға 30 жылға жуық уақыт бойы қамқорлық жасап келе жатқан коммерциялық емес ұйым.

Tatler Asia