Дени Вильневтің үшінші фильмі туралы не білеміз?
Көпшілік күткен сәт келіп жетті: режиссер Дени Вильнев «Дөң» франшизасының үшінші бөлімінің түсірілімін бастап кетті. Бұл туралы жобаның ресми әлеуметтік желілерінде жарияланып, түсірілім алаңынан алғашқы кадр да шықты.
Вильневтің бұл қадамы көпшілік үшін тосын сый болды. Себебі, режиссер бұған дейін үшінші фильмді бастауға асықпайтынын, Пол Атрейдестің тарихын мінсіз аяқтау үшін уақыт керектігін айтқан еді. Алайда, оның жаңа Джеймс Бонд фильміне режиссер болып бекітілгені туралы жаңалықтан кейін «Дөң»-нің өндірісін жылдамдатуға шешім қабылдағанға ұқсайды.
Сонымен, режиссердің соңғы «Дөңі» қандай болмақ?
Атауы мен түсірілім барысы
Алдымен, фильмнің ресми атауы – «Дөң: Үшінші бөлім» (Dune: Part Three). Бұған дейін көпшілік Фрэнк Герберттің романына сәйкес «Дөңның мессиясы» деп аталады деп топшылаған еді.
Түсірілім жұмыстары Будапешт қаласында басталып та кетті. Бұған шілденің төртінде Венгрия астанасына Зендеяның келуі дәлел. Фильмнің жекелеген маңызды сәттері IMAX камераларына түсірілмек. Ал операторлық жұмысқа алғашқы екі бөлімді түсірген Грег Фрейзердің орнына «Ла-Ла Ленд», «Солтберн» фильмдерімен танымал Линус Сандгрен келді.
