IMAGE Tatler Kazakhstan мұрағатынан

Соңғы кездері «Оземпик» препараты тек медицина мен денсаулық саласында ғана емес, сонымен қатар мәдениет пен сән әлемінде де жиі талқыланады. Онымен қалай арықтайды?

Жер шарында семіздіктен зардап шегетін 900 миллионға жуық адам бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы біздің заманымызды «метаболикалық пандемия дәуірі» деп атауды ұсынып отыр. Үрей тудырғанды жақсы көретіндер мұның бәріне нашар экология мен зиянды тамақтану себеп деп шулап жатыр, бірақ шын мәнінде біз тамақтану жағынан бәрі керемет екенін, мәселе осы астың молдығынан туындап отырғанын іштей сеземіз.

Азық-түлік ешқашан дәл қазіргідей қолжетімді болған емес. Кезінде байлардың соры болған толықтық, енді табысы төмен адамдардың қасіретіне айналды. Себебі ақшаң болса, артық салмақпен күресудің амалын табуға болады: жеке жаттықтырушы, қамқор диетолог, қымбат әрі сапалы препараттар дегендей. Мысалы, төңкеріс жасаған «Оземпик» препараты бастапқыда көпшіліктің қалтасы көтермейтін дүние еді. Препараттың бағасы түсіп, нарыққа оның жаңа, арзанырақ нұсқалары шығып жатса да, қоғамдық пікірде «Оземпик» байларға, Голливуд жұлдыздарына арналған, сондықтан да сиқырлы әрі аз-кем күнәһар нәрсе болып қалыптасты. Әдетте жаңалықтың қаймағын алдымен жұлдыздар мен элита қалқиды. Бұл сәтті трендтің де алғашқы «дәмін татқандар» солар болды. Дегенмен, оның да өзіндік жағымсыз тұстары жоқ емес.

Оземпик деген не?

Оны даниялық Novo Nordisk фармкомпаниясы шығарған. Ozempic – сауда маркасы, ал белсенді заты семаглутид деп аталады, 2018 жылы нарыққа шықты. Бастапқыда семаглутид II типті қант диабеті мен оған ілеспе семіздікті емдеу үшін әзірленген. Оның міндеті – ұйқы безіндегі инсулиннің бөлінуін ынталандыру және тәбетті төмендету. Дәл осы Novo Nordisk компаниясы «Оземпикке» ұқсас, бар болғаны дозаның мөлшерімен ерекшеленетін Wegovy препаратын да шығарады. Сондай-ақ «Оземпиктің» аналогі Mounjaro препараты және әр елде өз атауымен шығатын семаглутидтің бірнеше түрі бар. Мысалы, санкциялардан кейін көптеген келісімдерден шыққан Ресей семаглутидті «Семавик», «Квинсента» және «Инсудайв» деген атаулармен шығара бастады.

Tatler Asia
Conceptual image of a pair of yellow dumbbells and a syringe with blue liquid balancing on a seesaw in a minimalistic studio setting, could illlustrate concepts around choosing the easy route or shortcuts over hard work
Conceptual image of a pair of yellow dumbbells and a syringe with blue liquid balancing on a seesaw in a minimalistic studio setting, could illlustrate concepts around choosing the easy route or shortcuts over hard work

Сұхбат берушілер есімдерінің жасырын болуын өтінді

Әсел, 42 жаста
«Ең бастысы – қандай мәселелер туындауы мүмкін екенін алдын ала түсініп, соған дайын болу керек. Бетім «салбырап» кетпеу үшін косметологіммен бірлесе жұмыс істеп, барлық процедураны алдын ала жоспарлап қойдық. Тамақ ішкің келмесе де, ішу керек (шынымен де тәбет мүлде болмайды). Өзіңе әртүрлі мәзір құрастырасың, мен күнделікті дайын, калориясы аз, бірақ пайдалы тағамдарға тапсырыс беріп отырдым. Асықпай, айына үш келіден артық тастамауға тырыстым. Бір жарым келі болса да жақсы, рекорд қуалаған жоқпыз. Бір жылдан кейін инъекциядан бас тарттым, содан бері жеті ай өтті, салмағым бірқалыпты».

Мария (есімі өзгертілген), 40 жаста
«Күйеуім 53 жаста, толықтау еді. Жарты жылда 120 келіден 80-ге дейін қатты арықтады. Ол өте бірбеткей, сондықтан мүлде тамақ ішпей, күніне он шақырым жаяу жүретін. Нәтижесі мені шошытты: дені сау, жас көрінетін жігіт ағасы бір демде шалға айналды. Ақ шашы көбейіп, беті салбырап, әжім басып кетті. Ал іші салбыраған қапшыққа ұқсап қалды, күйеуім футболка кигенде бұл тері «алжапқышты» байқамайды. Түрі сұмдық көрінеді, бірақ мен оны сұлулығы үшін жақсы көрмеймін, сондықтан үндемеймін. Ал төсек қатынасы туралы айтқым да келмейді...»

Лаура, 32 жаста
«Жел! Жан-жақтан шығады! Төменнен шыққан жел былай тұрсын, кекірікті мүлде тежей алмайсың, кенеттен, қатты шығады. Бір-екі рет мейрамханада арыстанша ақырғанымда, көрші үстелдегілер зообақтағыдай жалт қарады. Бағыма орай, қасымда отырғандар құрбыларым еді, олар ондай ұсақ-түйекке мән бермейді. Бірақ нәтижесі керемет – жарты жылда 52-ші... несін жасырайын, 54-ші өлшемнен 48-шіге ауыстым. Осындай нәтиже үшін масқара болуға да болады».

Жұлдыздар тәжірибесі

70 жастағы америкалық телеарна аңызы Опра Уинфри ондаған жылдар бойы артық салмақпен аяусыз күресіп келген еді, «Оземпик» терапиясы оны 22 келі салмақтан арылтты. «Бұрын мен дұрыс тамақтанатын сымбатты адамдардың ерік-жігері мықты деп ойлайтынмын. Препаратты алғаш қабылдағаннан кейін, «қарның ашқанда тамақтанып, тойғанда тоқтау» дегеннің не екенін бірінші рет түсіндім». Айта кету керек, Опра – «Оземпиктің» көмегімен арықтағанын жасырмайтын санаулы жұлдыздың бірі. Кенеттен «кішірейіп» қалған жұлдыздардың көпшілігі сымбатын табиғаттың сыйы деп көрсеткенді жөн санайды. Табиғат ақыры есін жиып, дұрыс жұмыс істей бастағандай. Әрине, фитнес те бар. Бірақ аудитория бұған сене қоймайды. Аудитория кенеттен азып-тозған Ким Кардашьян, Кэти Перри және Илон Маскты қызу талқылап, бұл жерде фитнестің иісі де жоқ екеніне кәміл сенеді.

Tatler Asia
IMAGE Ким Кардашьян | Getty Images
Tatler Asia
NEW YORK, NEW YORK - JUNE 08: Oprah Winfrey attends The 78th Annual Tony Awards Green Room presented by Cunard at Radio City Music Hall on June 08, 2025 in New York City.  (Photo by Kevin Mazur/Getty Images for Tony Awards Productions)
IMAGE Опра Уинфри | Getty Images
NEW YORK, NEW YORK - JUNE 08: Oprah Winfrey attends The 78th Annual Tony Awards Green Room presented by Cunard at Radio City Music Hall on June 08, 2025 in New York City.  (Photo by Kevin Mazur/Getty Images for Tony Awards Productions)
Tatler Asia
IMAGE Илон Маск | Getty Images
Tatler Asia
BEVERLY HILLS, CALIFORNIA - MARCH 02: Katy Perry attends the 2025 Vanity Fair Oscar Party Hosted By Radhika Jones at Wallis Annenberg Center for the Performing Arts on March 02, 2025 in Beverly Hills, California.  (Photo by Neilson Barnard/Getty Images for Vanity Fair)
IMAGE Кэти Перри | Getty Images
BEVERLY HILLS, CALIFORNIA - MARCH 02: Katy Perry attends the 2025 Vanity Fair Oscar Party Hosted By Radhika Jones at Wallis Annenberg Center for the Performing Arts on March 02, 2025 in Beverly Hills, California.  (Photo by Neilson Barnard/Getty Images for Vanity Fair)

Ине салу керек пе, жоқ па?

Иә, «Оземпик» – сәл арықтағысы келетін дені сау адамдарды емдеу үшін емес, бұл диабетиктерге және осы аурудың қауіп тобындағы адамдарға арналған препарат. Ал қалғандары кросс жүгіріп, қырыққабат жеуі керек. Алайда «Оземпикті» ойлап тапқандардың бірі, канадалық дәрігер Дэниел Дрюкер бұл мәселеге басқа қырынан қарайды. Ол ондаған жылдар бойы барлық ережені сақтап, зиянды тағамдардан бас тартып, спортпен айналысса да, салмақ тастай алмаған пациенттермен жұмыс істеген. Дәрігердің пікірінше, «Оземпик» сияқты препараттардың басты құндылығы – олардың адамдарға өз мәселесін ерік-жігердің жоқтығы емес, медициналық көмекті талап ететін кәдімгі дерт деп қарауға мүмкіндік беруінде. Өйткені адам Крон ауруын немесе шашыранды склерозды өздігінен емдей алмайтыны сияқты, семіздікті де жалғыз жеңу кейде мүмкін емес.

Бас редактордың жеке тәжірибесі

Адамдардың өтірік айтатыны жаңалық емес. Бірақ қазір олардың өтірік тақырыптарының ауқымы кеңейген. Бұрын тек жасын, табысын немесе көңілдесін жасырса, енді солардың қатарына арықтау туралы өтірік қосылды. Кеше ғана ортан саусағындағы Clash de Cartier сақинасы бүгін бас бармағына ауысып, беті сүйектеніп, саусақтары шырпыдай болып шыға келген танысыңызды көрсеңіз, таң қалмаңыз. Оның сырын сұрасаңыз, «дұрыс тамақтандым, спортпен айналыстым, жалпы, сана-сезімімді өзгерттім» деген дайын жауапты естисіз. Сосын кешкі аста алдыңызда отырып, салаттан ауыз тиген болып, бір-екі тілім ақ балық жейді. Алкогольге тіпті жоламайды. Бірақ бұл салауатты өмір салтын таңдағандықтан емес. Себебі «Оземпик» тәбетті тұншықтырып қана қоймай, бір бокал шампанға деген құмарлықты да жоқ қылады.

Оларды айыптауға болар еді, бірақ не үшін? Себебі қазіргі қоғамда шындықты айтқаннан гөрі өтірік айту әлдеқайда тиімді. Егер 15 келіні диетамен емес, дәрімен тастағаныңды мойындасаң, жұрт сені «ерік-жігері жоқ, әлсіз» деп санайды. Ал бұл инелердің көпшілікке еркелік емес, тамаққа деген тәуелділіктен арылудың бір амалы екені ешкімді қызықтырмайды. Сондықтан да тек диетамен арықтағандар басқаларға мұрнын шүйіріп қарайды.

Мен Mounjaro-мен («Оземпиктен» қымбат, бірақ әсері тезірек әрі жұмсағырақ) арықтағанда, осының бәрін өз басымнан өткердім. Инъекция салдырып жүргенімді айтуға ұялған жоқпын, бірақ айналамдағылардың қатты таң қалғаны анық. Олар препараттың зиянын айтып қорқытып, «жұрт сияқты» өз-өзімді қолға ала алмағаныма жанашырлық танытып, күрсінді. Бірақ сол «жұрт сияқты» арықтау деген не? Күндіз-түні калория санап, спортзалда өліп-тірілу ме? Тәттіні көрсең, жаныңды бересің, бірақ «болмайды» деп аузыңды тыйып жүру ме? Егер «дұрыс жол» осы болса, онда иә, мен басқа жолды таңдадым. Себебі Mounjaro мен «Оземпик» те мәселені бір сәтте шешетін сиқырлы таяқша емес. Ол – қиналғанда сүйенетін балдақ. Балдақ сені тек құлап қалудан сақтайды. Бірақ сол уақытта өздігінен жүріп-тұруды үйренбесең, балдақты тастаған соң, қайтадан құлайсың, яғни өмір салтыңды өзгертпей, тек «инеге» сенсең, кеткен салмақ бәрібір қайтып оралады. Онда бірден үлкен өлшемді киімдерді сатып ала бергенің жөн.

Сонымен не өзгереді? Ештеңе. 2025 жылы да біреулер арықтап, «дұрыс тамақтанудың арқасы» деп өтірік айтады. Екіншілері арықтап, шындықты айтады. Қоғам өтірікшілерді жақсы көреді. Ал шындықты айтқандарды сынайды, бірақ іштей қызғанады.

Маңызды ақпарат:

Бұл препараттар тек рецепт арқылы сатылады

Иә, алайда адамдар жүйені айналып өтіп сатып алуға құмар. Бірақ курсты бастамас бұрын, әсіресе қант диабетіңіз немесе семіздігіңіз болмаса, эндокринолог-дәрігерге барып көрінген жөн.

Бұл – қымбат дүние

Бұл әсіресе Қазақстанда ресми тіркелмеген, БАӘ-ден арнайы тоңазытқыштармен әкелінетін Mounjaro препаратына қатысты.

«Оземпик беті» – ойдан шығарылмаған нәрсе

Арықтау бір басқа, ал бетіңіз кенеттен он жасқа қартайып кетуі бір басқа. Егер сіз курста болсаңыз, косметологіңіз бұл туралы білуі тиіс. Қолдаушы инъекциялар, аппараттар – осының бәрі птоз бен терінің босап, салбырап кетуін болдырмау үшін алдын ала жоспарланады.

Ағза қарсылық көрсетуі мүмкін

Тамақ аз болса, ағзадағы дәрумен қоры да азаяды. Ең алдымен темір мен микроэлементтер деңгейі күрт төмендейді. Шашыңыз түсіп, тырнақтарыңыздың қабыршақтануын қаламасаңыз, дәрумен қажетті мөлшерде тұтынуды алдын ала ойластырыңыз.

Егер уайымдағанда әрдайым тамаққа жүгінсеңіз, инъекция көмектеспейді

Mounjaro-ның алғашқы инесінен кейін мұң, уайым және зерігу сезімі жоғалып кетпейді. Егер сіз өзіңізді тамақпен жұбатуға дағдылансаңыз, психотерапевтің көмегінсіз болмайды. Әйтпесе не салмақ қайта оралады, не тамақтың орнын басқа тәуелділіктер басады.