Дебюттік Tatler Kazakhstan нөмірінен алынған, Қазақстандағы алғашқы заманауи мәдениет орталығы «Целинный» туралы материал
Жуырда Алматыда ел көптен күткен интеллектуалды жоба – «Целинный» заманауи мәдениет орталығы іске қосылмақ. Николай Усков «Целинныйдың» негізін қалаушы, кәсіпкер Қайрат Боранбаев пен орталықтың директорлары – Джама Нұрқалиева мен Боранбаевтың қызы Әлима Қайраттан сұхбат алды.
Бір кездері кәсіби спортшы болған Қайрат Боранбаевтың өмірбаянында «заманауи мәдениет орталығының негізін қалаушы» деген сөз тіркесі болуы – тосын жағдай. Қайрат 1966 жылы Торғай облысының Амангелді ауылында дүниеге келді. Ол жылдары бұл аймақтағы бірсарынды өмірдің негізгі тірегі боксит өндірісі еді. Бұл жерге «Үлкен әлем» артистерінің келуі нағыз мереке болатын. Мұндай мәдени серпілістен Қайраттың отбасы да ешқашан шет қалмайтын. Жалпы, оның балалық шағы Брежнев дәуірі дәстүріне сай өтті: мектеп, спорт секциялары, сыныптастарымен бірге гитарамен орындаған The Beatles, Pink Floyd және Queen әндері.
Боранбаевтың отбасын өнерден алыс деуге де келмейді. Әкесінің інісі – М. Әуезов театрының танымал артисі Әнуар Боранбаев. 80-ші жылдары Қайрат Алматыдағы Қазақ дене тәрбиесі институтында оқып жүргенде Әнуардың үйінде тұрды. Сол кезде жас студентті театрға баулып, өнерге деген сүйіспеншілігін оятқан жан – ағасы. Боранбаевты «Қайрат» футбол клубының ойынынан гөрі театрда немесе камералық концертте жиі жолықтыруға болады.
Қайраттың мәдениетке көзқарасы туралы сұраққа қызы Әлима: «Маған папамның көзқарасының шынайылығы ұнайды. Ол ненің қазір сәнге айналғанына қарамайды, ол талантты жоғары қояды. Оны ерекше тұлғалар қызықтырады. Өзінің қалыптасқан талғамы бар. Мұндай деңгейге қалай жеткеніне кейде өзім де таң қаламын», – дейді.
Алматыға жастық шағында қоныс аударған Боранбаев «Целинный» кинотеатрына жиі барып тұратын. Болашақ жары Шолпанмен алғаш кездескен жері де – сол. Қайта құру дәуірінің ең маңызды фильмдердің бірі – әке мен бала арасындағы қақтығысты сипаттайтын, эротикалық элементтері бар «Маленькая Вера» фильмін де осында көрген. Бұл жердің Боранбаевтар отбасы тарихында айрықша орны болуы тағдырдың жазуы сияқты.
Әлима Қайратпен Мирас ықшамауданындағы пәтерінде кездесіп, әсем Алматының, иірленген гольф алаңының, алып таулар мен адамды сан қилы сезімге бөлейтін аспанның әсем көрінісіне тәнті болдық. Панорамалық терезе түрінде салынып, іліп қойған суретке ұқсас бұл көріністі жинақы интерьер доминантасы деуге болады. Пәтерде сурет көп, бос жер жоқ – қабырғада қатарласа тізіліп тұр. Әлима қызы екеуі экспозицияны өзгертіп тұратынын айтады. Сегіз жасар Амели суреттерді өзінше іледі. Алайда баланың кураторлықпен қатар көркемөнерге деген ынтасы да бар сияқты. Жарқын жүз, күн, көк шөп – бейтаныс бір сұлудың портреті (делік) сәнді қазақстандық суретшінің еңбегімен қатар ілінген.
Қызының туындыларымен қатар, Әлима өзі алғаш сатып алған Қазақстанның әйгілі, заманауи суретшісі Алмагүл Меңлібаеваның «Айша Бибінің көбелектері» фотожұмысын қастер тұтады: «Оның жұмысын сатып алу үшін ұзақ уақыт ақша жинадым. Ол кезде мен үшін өте қымбат болатын». Суретте ежелгі кесене, көк, сары, жасыл және қызыл түсті көбелек қанаттарына ұқсас маталар фонындағы төрт әйел. «Мен оны Windows белгішесіне ұқсаттым. Алмагүл шығармашылығының негізі панк-шаманизм, патриархалды қоғамдағы әйел тағдырынан бастау алса да, маған бұл туынды бүгінгі күн, технология, медиа туралы сияқты болып көрінді», – дейді Әлима.
Әлима 2012 жылы осы суретті сатып алғаннан бері жиынтығын заманауи қазақ суретшілерінің туындыларымен ұдайы толықтырып келеді. «Қазақстандық суретшілердің көптеген маңызды жұмыстарын әлемнің үлкен музейлері сатып алғанмен, олардың біздің музейлерде жоқ екеніне қатты қамығатынмын, – дейді Әлима, – сосын мен негізгі канондық дүниелерді сатып алып, Қазақстанда қалдырғанды жөн көрдім. Олар Молдақұл Нарымбетовтың «Қызыл Тракторы», Ербосын Мелдібеков, Рустам Хальфин, сосын, әрине, Сәуле Сулейменова, Алмагүл Меңлібаева, сонымен қатар жас толқын – Аружан Жұмабек, Нұрбол Нұрахмет, Меруерт Қонақова және Роман Захаров». Әлима өнер елімізде болып жатқан жағдайлар туралы жалғыз адал диалог арнасы болғанын түсінеді. Ол оны газеттер мен телеарналарға шықпаған «басқа шындық» деп атайды. Осы «басқа шындықтан» мүлде «басқа елдің» бейнесі туындады.
Әлима, бұл – сіздің басылымға берген алғашқы сұхбатыңыз. Көркемөнерге деген қызығушылығыңыз неден басталды?
Жолым болды деуге болады. Ата-анам шетелге шығу мүмкіндігі пайда болғанда саяхаттай бастады. Жасым жеті-сегіз шамасында болса керек, музейлерді көп араладық, бойымдағы өнерді түсінуге деген талпыныс ерте қалыптаса бастаған болар. Тоғызыншы сыныптан кейін Англияға көшіп, алдымен Оксфордтағы d’Overbroeck’s колледжінің жеделдетілген курсын (екі жылдық бағдарламаны бір жылда) тәмамдадым. Кейін Лондонға барып, A-Level бағдарламасы (орта білім жөніндегі аттестат. – Редакция ескертпесі) бойынша тағы екі жыл оқыдым. Лондонда төрт арнайы пән таңдау керек болды. Өзімнің гуманитарлық бағытқа икемі бар адам екенімді анық білетінмін, – математикаға да, экономикаға да аса жақын емес едім. Сондықтан өнер тарихы, география, философия және психология пәндерін таңдадым. Заманауи өнерге алғаш сол кезде тап болдым. Serpentine галереясы мен «Тейт Модерннің» әйгілі Turbine Hall кеңістігінен шықпайтынмын. 15-16 жасымда Дорис Сальседо (колумбиялық суретші әрі мүсінші. – Редакция ескертпесі) мен Ай Вэйвэйдің (қытайлық суретші әрі сәулетші. – Редакция ескертпесі) көрмесіне барғаным есімде. Ерекше әсер алдым. Партиципаторлы көркемөнер форматы бар екеніне, нысанмен өзара әрекеттесіп, ішіне кіріп көріп, шығармашылық еңбекті жандандыруға болатынына көз жеткіздім. Біздегі музейлердегі «қолмен ұстауға болмайды», «алысырақ тұрыңыз» деген дәстүрлі көркемөнермен салыстырғанда оның орны ерекше еді.
Әкеңіз бұл қызығушылығыңызға қалай қарады?
Бірінші оқу жылын бітіргеннен соң, университетке құжат тапсыру керек болды. Сол кезде әкем: «London School of Economics-ті таңдайық, сонда түс», – деді.
Ол сізді бизнестің мұрагері деп білді ме?
Отбасының үлкенімін. Ол да мүмкін. Әкем бизнесті жақсы білетін, менің де сол жолға түскенімді қалаған болар. «Жоқ, өнертанушы боламын», – дедім. Бірақ өнертану саласындағы ең үздік, Лондон экономика мектебіне парапар оқу орнына түсемін деп сөз беруге тура келді. Courtauld Institute of Art-қа түстім (Лондон университетінің құрамындағы. – Редакция ескертпесі).