Birkin сөмкесінің тарихы және «түпнұсқалардың түпнұсқасы» жайлы баяндаймыз
2025 жылдың оныншы маусымында тарихи оқиға болды: ең алғашқы Birkin сөмкесі Манхэттендегі Sotheby's аукцион үйінен Парижге жеткізілді. Сөмке Жоғары сән апталығының соңғы күні өтетін жыл сайынғы Fashion Icons іс-шарасында аукционға шығарылып, өзінің жаңа иесін табады. Іс-шараның өзі шілденің онында өтсе де, аукционды онлайн бақылап, бәс тігу 26 маусымнан басталады. Сарапшылар бұл сауда Hermès-нің бұрынғы барлық рекордтарын жаңартады деп болжап отыр.
Бұл сөмкенің қалай пайда болғаны жайлы нақты дерек жоқ. Аңызға сүйенсек, оның тарихы актриса Джейн Биркиннің люкс брендтердің шағын әрі ыңғайсыз сөмкелеріне көңілі толмауынан басталған. Сол себепті ол сәнді аксессуарлардың орнына үлкен тоқыма себет ұстауды жөн көріпті. Бірде актриса Hermès басшысы Жан-Луи Дюмамен ұшақта сапарлас болып қалады. Джейн оған ыңғайлы сөмке таба алмай жүргенін айтады. Осы әңгімеден соң Дюма ұшақ қонғанша атақты сөмкенің алғашқы нобайын сызып үлгерген. Дәл осы эскиз негізінде 1984 жылы алғашқы сыйымды Birkin дүниеге келді.


Бұл алғашқы нұсқа қазіргі коммерциялық модельдерден бірнеше ерекшелігімен дараланады: оның бауы алынбайды, металл бөлшектері жезден жасалған, ал өлшемі стандарттан тыс, 14×16 дюйм. Алайда сөмкенің басты құндылығы бұл емес. Оны ерекше ететін – сән әлемінің аңызы Джейн Биркиннің өзі қалдырған «өмір іздері». Сөмкенің бетінде актрисаның инициалдары мен ол таққан түрлі белгішелерден қалған сызаттар сақталған. Негізі, Джейн сөмкесін түрлі әшекеймен безендіруді бұл мейнстримге айналғанға дейін бастаған. Бүгінгі Labubu немесе Тамагочи секілді ойыншықтардың орнына ол сөмкесіне лента, стикер, тіпті ерін сырнайын тағып жүретін.