Гленн Мартенс басшылығымен Maison Margiela-ның жаңа тарауы неден басталды?
It’s not namby-pamby («Бұл нәзік жандарға арналмаған») – деп сән сыншысы Ванесса Фридман Гленн Мартенстің Maison Margiela үшін жасаған алғашқы Artisanal топтамасын өзінің Threads парақшасында қысқа ғана сипаттады. Онымен келіспеу мүмкін емес.
Күз-2025 маусымына арналған Artisanal топтамасы шынымен де қараңғы, кейде тіпті үрейлі шыққан. Бет-әлпеті жоқ модельдер қорқынышты фильмдердің кейіпкерлеріне ұқсайды. Мартин Маржеланың өзі негізін салған жасырындылық тақырыбын жалғастыра отырып, Мартенс модельдердің бетін толықтай маскамен жапқан. Бірақ бұл маскалардың пластиктен жасалғаны соншалық, олардың ішінде модельдердің демі жетпей, тұншығып бара жатқандай көрінеді. Еріксіз «Мына қыз көрсетілімнің соңына дейін аман жете ме екен?» деп ойланып қаласың.
Кейбір киім үлгілері көрсетілімнің алдында ғана көрден қазып алынғандай әсер қалдырады. Осындай «ыдырау мен іріп-шіру» әсеріне жету үшін ателье қызметкерлеріне біраз «қолдарын былғауға» тура келген. Ал Мартенстің өзіне сән тарихындағы ең ықпалды дизайнерлердің бірінің мұрасы үшін үлкен жауапкершілікті арқалауға тура келді.



